
Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеп, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының тарихы әріден бастау алады. Қамкөңіл жандарға көмек көрсетіп, өмірге құлшынысын оятқан білім ордасының құрылғанына биыл 75 жыл толады. Осы уақыт бедерінде білім ордасы денсаулығында кінәраты бар талай шәкірт тәрбиеледі. Соңғы жылдары білім сапасы бойынша республикада алдыңғы орындардан көрініп келеді.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Алматы, Қостанай, Павлодар, Петропавл қалаларында 1939 жылы құлағы мен тілінде мүкісі бар балаларға арналған бірнеше арнайы мектеп жұмыс істеген. Бірқатары Ұлы Отан соғысы жылдары жабылып қалса, кейін қайта ашылып, жұмысын жалғастырған ұжымдар да бар. 1944 жылғы 1 қыркүйекте Петропавл қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен есту мүшесі зақымданған балаларға арналған мектептің қазығы қағылды.
Бүгіндері оқу ордасында 3 жастан 18-ге дейін 121 бала білім алуда. Біздің басты мақсатымыз – оларға сапалы білім беріп, қоғамдық өмірге бейімдеп, еңбекке тәрбиелеу. Өйткені, мектеп-интернатты тамамдаған соң біздің тәрбиеленушілеріміз үшін өмірдің жаңа кезеңі басталады. Бірі оқуын жалғастырса, бірі жұмысқа орналасады.
Өрендерге өмірдің ақ пен қара жолақтан тұратынын, кездескен сынақтарға төтеп беру қажеттігін айтудан жалыққан емеспіз. Адамның кез келген жұмысқа қолының икемі болса, ол сол ортаға тез сіңісіп кетеді. Сондықтан жоғары сынып оқушылары тігіншілік, ұсталық өнердің қыр-сырын меңгеруде. Сондай-ақ, олар шаштараз, сылақшы-әрлеуші сияқты мамандықтар бойынша бастапқы кәсіби даярлықтан өтеді.
Мектепті тамамдаған соң біздің тәрбиеленушілеріміз алған білімдерін колледждер мен жоғары оқу орындарында жалғастырады. Соңғы жылдары түлектеріміздің дені М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға оқуға түсіп, колледждерде кәсіби білім алып, сенімімізді ақтауда.
Балалармен жұмыс істеу оңай емес. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі өрендердің жағдайы ерекше қамқорлықты қажет етеді. Осы орайда әр баланың жанын түсініп, олардың саналы, ақылды, білімді азамат болып ержетулеріне біздің педагогикалық ұжымның сіңіріп отырған еңбегін атап өткен жөн. Балаларды оңалту шараларынан басқа, оларды қоғамға бейімдеу, патриоттық рухта тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі. Біздің мекемеде білікті мамандар жұмыс істейді. Олар Астана, Алматы және басқа қалаларда көшпелі оңалту сессияларына қатысып, түрлі кеңестер өткізді. Мамандар үнемі инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеріп, педагогикалық форумдарда, облыстық, республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, семинар-практикумдарда өзге әріптестерімен тәжірибе алмасуды оң жолға қойды. Астана, Ақтөбе, Семей мен Зыряновск, Көкшетау, Павлодар, Ресей Федерациясының Шадринск, Новосібір, Қазан қалаларындағы әріптестерімізбен тығыз кәсіби байланыс орнатылғанын да атап өткен жөн.
Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығының тыңдаушылары, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері үшін педагогикалық шеберлік алаңы іспеттес. Қазір облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп “Қоғамға қызмет ету” әлеуметтік жобасы іске асырылуда.
Есту кемістігі бар балаларды оңалту шаралары ерте жастан бастап қолға алынуы керек. Біздің білім ордамызда 3-6 жасқа дейінгі балаларға арналған екі мектепалды топ ұйымдастырылған. Мұнда құлағының мүкісі бар немесе мүлдем естімейтін балаларды мектепке дейінгі оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылардың есту, сөйлеу қабілетін қалыптастыру мен дамытуда қосалқы құрал – ым-ишара қолданылады. Оқу кабинеттерінде орнатылған стационарлық “Сонет” және “Соло” дыбыс күшейткіш аппаратураларымен қатар, барлық білім алушылар есту аппараттарымен немесе кохлеарлы импланттармен қамтамасыз етілген. Көптеген оқу кабинеттері пәндік-тәжірибелік бағытты іске асыруға көмектесетін сурдологопедтік тренажерлармен, интерактивтік тақталармен жабдықталған.
Есту кемістігі бар балаларға арналған мектепте дене шынықтыру жаттығуларына баса мән беріледі. Сондықтан спорттық командалық ойындар арқылы ойлауды дамыту, топ жұмысын жоспарлау көзделген.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында жас ұрпақты туған өлкенің тарихымен танысуға тәрбиелеу мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Тәрбиеленушілерге еліміздің және туған өлкеміздің танымал тұлғаларын үлгі ету мақсатында мектепте өлкетану жұмыстары жүргізіледі. Тарих пәнінің мұғалімі Бахытты Есеналиннің жетекшілік етуімен Ұлы Отан соғысының ардагері, мектепке 1954-1979 жылдары басшылық еткен Иван Матюшко атындағы жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы жұмыс істейді. 2015 жылы мектебімізде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мамандарының және еңбек ардагері Жангелді Тәжиннің бастамасымен рухани келісім орталығының ашылғанын да атап өткен жөн. Бүгінде орталықта этносабақтар мен сыныптан тыс шаралар жиі өтеді.
Мектеп-интернат – тәрбиеленушілердің екінші үйі. Сондықтан да біз балалар ұйымының мемлекеттік құрылым типіндегі моделін таңдадық. Балаларға тәрбие мен білім беруде олардың жан-жақты дамуына баса мән беріледі. Біздің ұжымда қазақстандық патриотизмді, азаматтық сана-сезімді, ортақ мәдениетті, саламатты өмір салтын қалыптастыру, өзін-өзі кәсіби тұрғыда жетілдіру жұмысы оң жолға қойылған. Шығармашылық және спорттық жаттығу үйірмелері жұмыс істейді. Үйірмеге қатысушылар облыстық сайыстарда ғана емес, республикалық және халықаралық додаларда төбе көрсетіп, өздерінің мүмкіндіктерін сынауда. Мұндай сайыстар олардың әлеуметтік, мәдени өмірге бейімделуіне зор ықпал етеді. Ал би және ән айтудан алдарына жан салмайтын “Sensitive”, “Пульс” атты хореографиялық ансамбльдердің өнерпаздары Ресей, Болгария, Италия, Испания, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әлемдік сахналарда өңіріміздің намысын қорғап, байрақты бәсекелерде топ жарып тұр.
Біздің шәкірттеріміз қашықтықтан пәндік интернет-олимпиадаларына он екі мүшесі сау балалармен бірдей қатысып, білім көкжиектерін де кеңейтуде. Жасалған жақсы жағдайлар қамкөңіл жандардың өмірге құштарлықтарын оятары сөзсіз. Өмірді өзгеше сүйетін өрендердің болашаққа нық сенімі бізге қанат бітіреді.
Жеңіс ӘБІЛМӘЖИН, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.