Өңір боксшылары Қарағанды қаласында жастар арасында өткен ел біріншілігінен жүлделі оралды. Аталмыш додада сынға түскен 197 саңлақ 11 салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтады.
Сайыс барысында 69 килограмм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Азат Елубаев алғашқы екі кездесуінде шығыс-қазақстандық және қызылордалық спортшыларды жеңгенімен, жартылай сында Қарағанды қаласының боксшысынан ұпай санымен ұтылып қалды. Нәтижесінде үшінші орынға ие болды. 91 кг. салмақта қола медальға ие болған Николай Чебаков та – болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі.
Қос боксшыны “Бокс” мектебінің бапкерлері Азамат Жақиянов пен Антон Лопатин жаттықтырады. Әзірге спортшылар наурыз айында Түркістан қаласында өтетін халықаралық сайысқа дайындықтарын бастап кетті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.