Үстіміздегі жылдың 7-9 тамыз күндері Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында халықтық спорт бағдарламасы
бойынша әйелдердің облыстық спартакиадасы болып өтті.
Онда біздің ауданның спортшы әйелдері де сынға түсті.
Жарыстар жағажай волейболы, стритбол, шағын футбол, жеңіл атлетика, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, велоспорт сияқты түрлерді қамтыды.
Біздің ауданның спортшылары шахмат жекпе-жектерінде жеңіске жетіп, Айгүл Үсейінова, Әсел Жанахметова және Сабина Оспанова мерейге бөленді.
Жеңіл атлетика жарыстарында Кристина Громакова екі мәрте көзге түсті: 100 метр қашықтыққа жүгіруде екінші орын алса, 200 метрде облыс чемпионы атанды.
Осы жеңімпазымыз құрбылары Юлия Тюрина, Виктория Козлова, Татьяна Жалнинамен бірге швед эстафетасында екінші орынды еншілеп, осы спорт түрі бойынша жалпыкомандалық есепте тағы да алдына жеңімпаздарды ғана салды.
Үстел теннисі жекпе-жектерінде Жанат Әубәкіров жетекшілік ететін құрамамыз қола жүлдені қоржынға салды. Бұған үлес қосқандар – Татьяна Макарова, Лидия Бочарова және Татьяна Жалнина.
Спартакиаданың жалпыкомандалық есебі бойынша біздің аудан құрамасы үшінші орын иеленіп, кубокпен, дипломмен және 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Медет БЕКІШЕВ, қоғамдық тілші.
М. Жұмабаев ауданы.