М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Тіл және әдебиет институтының 4-ші курс студенті Олжас Төлегеннің болашағынан ұстаздары зор үміт күтеді. Атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен оның бойына ұлтжандылық, кішіпейілділік, зеректік сияқты ерекше қасиеттер ұялаған. Ақылгөй қарттардың мейірім шуағына бөленіп өскендіктен болар, ол кішкентай кезінен қандай істе болмасын алғырлық танытып, қатарының алды болуға ұмтылыпты. Оның үстіне ата-анасының жоғары талабы Олжастың білімге ынты-зар, оқуға құштар болып жетілуіне оң әсер етті. Бүгінде ол орыс, ағылшын және француз тілдерін жетік біледі.
Оқуда озат Олжас университеттің ғана емес, өңір жастарының қоғамдық өмірлеріне де белсене араласуды әдетке айналдырған. Мерейлі мерекелерде өтетін әртүрлі іс-шаралардың басы-қасында жүруге, оларды көрермен көңілінен шығатындай қызықты етіп ұйымдастыруға бар күш-жігерімен кіріседі. Былтыр “Жас Отан” жастар қанаты болашақ филиалының жетекшісі болып сайлануы оның еңбегі мен таудай талабының жемісі іспеттес.
– Жастармен етене қарым-қатынас жасай жүріп, оларды толғандыратын көптеген мәселелерге қанықтым. Талантты өрендерді ынталандырып, олардың шығармашылық жобаларын қолдау мақсатында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Ауылда тұратын жастардың ахуалын білу мақсатында олармен бірлесіп, бірталай жұмыстардың жүзеге асуына ұйытқы болдық. Еліміздің өзге өңірлерінің өрендерімен тіл табысып, жаңа достар таптым, – дейді Олжас Төлеген.
Сабақтан бос уақытында грэпплинг күресімен айналысатын студенттің бұл жолда бағындырған белесі де аз емес. Бірқатар облыстық, республикалық жарыстарда бағын сынап, жүлделі орындарды қанжығасына байлап үлгеріпті. Олжастың 2015 жылы өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына белсенді қатысқандығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Алғыс хат алуы оны биік белестерге, жарқын болашаққа құлшындыра түсті.
Ол жуырда Жастар сарайында өткен “Тәуелсіздіктің жас жұлдыздары” атты облыстық жастар форумында “Ең үздік студент” аталымы бойынша бас бәйгені иеленіп, өңір басшысы Ерік Сұлтановтың Алғыс хатымен марапатталды.
– Облыс әкімінің ықыласына бөлену мен үшін үлкен жетістік. Ең үздік студент оқуда ғана емес, қоғамдық өмірде де, спортта да белсенділік танытуы керек, – деген Олжастың алдағы жоспарлары да жетерлік. Ол болашақта дипломатиялық қызмет істеп, әлемге татулықтың үлгісін паш етіп отырған еліміздің мәртебесін асыруға үлес қосуды армандайды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.