Бразилия елінің Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан жерлестеріміз, әсіресе, жүлделі оралған спортшыларымыз отандастарының ыстық ықыласына бөленуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жерлес спортшыларымызды қабылдап, өңір басшысының құттықтауын жеткізді.
Спорт әлемінің ең мәртебелі додасына жеңіл атлетика мен велоспорттан 5 жерлесіміз қатысқан Артем Захаров әлем шабандоздары арасында велоспорттың трек түрінің “омниум” санаты бойынша 10-шы нәтиже көрсетті. Бұл жаман көрсеткіш емес. Сондай-ақ, басқа облыстың атынан шығып, олимпиада ойындарының қола медалін омырауына таққан екі жерлесіміз бар. Қызылжар өңірінің топырағында дүниеге келген балуан Эльмира Сыздықова мен боксшы Дариға Шәкімованың жеңістері жерлестерінің мерейін тасытты.
Айдарбек Сапаров өңір басшысы Ерік Сұлтановтың атынан спортшылар Дариға Шәкімоваға, Эльмира Сыздықоваға және Артем Захаровқа Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, жүлдегер қос спортшының ата-анасын, жаттықтырушылары Владимир Волошинді, Петр Нетесовті, Петр Литвиненконы, Нина Эктованы және спортшылар Маргарита Мукашеваны, Ирина мен Екатерина Эктоваларды облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.