
Бразилия елінің Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан жерлестеріміз, әсіресе, жүлделі оралған спортшыларымыз отандастарының ыстық ықыласына бөленуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жерлес спортшыларымызды қабылдап, өңір басшысының құттықтауын жеткізді.
Спорт әлемінің ең мәртебелі додасына жеңіл атлетика мен велоспорттан 5 жерлесіміз қатысқан болатын. Артем Захаров әлем шабандоздары арасында велоспорттың трек түрінің “омниум” санаты бойынша 10-шы нәтиже көрсетті. Бұл жаман көрсеткіш емес. Сондай-ақ, басқа облыстың атынан шығып, Олимпиада ойындарының қола медалін омырауына таққан екі жерлесіміз бар. Қызылжар өңірінің топарығында дүниеге келген балуан Эльмира Сыздықова мен боксшы Дариға Шәкімованың жеңістері жерлестерінің мерейін тасытты.
– Сіздер елдің намысын қорғап, Олимпиада ойындарын сәтті аяқтап келдіңіздер. Бұл дүбірлі додаға қатысудың өзі мәртебе. Төрт жылдан кейін де кезекті Олимпиадаға қатысып, жоғары жетістіктермен қуантады деген сенімдеміз.
Әлем спортшыларының басын қосқан биылғы додада спортшыларымыз бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, отандастарын үлкен қуанышқа кенелтті. Бұл, әрине, жалғыз спортшылардың ғана жетістігі емес. Оларды баптаған жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің де үлкен еңбегінің нәтижесі. Олар Олимпиада ойындары кезінде Қазақстанның туы көкте желбіреуі үшін мықты спортшылар, елін сүйетін патриоттар тәрбиелеу жолында үлкен еңбек сіңіруде. Сондықтан барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз! – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Айдарбек Сапаров өңір басшысы Ерік Сұлтановтың атынан спортшылар Дариға Шәкімоваға, Эльмира Сыздықоваға және Артем Захаровқа Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, жүлдегер қос спортшының ата-анасын, жаттықтырушылары Владимир Волошинді, Петр Нетесовті, Петр Литвиненконы, Нина Эктованы және спортшылар Маргарита Мұқашеваны, Ирина мен Екатерина Эктоваларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Жиында ардагер спортшылар мен жаттықтырушылар спортты дамытуда мемлекеттік қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқандығын, нәтижесінде бүгінгідей көңіл қуантатын көрсеткіштерге қол жеткізіп отырғанымызды тілге тиек етті. Облыс әкімдігінің көрсеткен марапатына алғыстарын білдірді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.