Синхронды жүзуден Қазақстан командасының мүшелері Александра және Екатерина Немичтер 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысу нормативін орындады. Апалы-сіңлілі Немичтер Кванджуда өткен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша лицензияға ие болды.
Лицензияны Азия құрлығынан Қазақстан, Африкадан Оңтүстік Африка Республикасы, Океания аймағынан Жаңа Зеландия иеленді. Панамерика ойындарының қорытындысы бойынша жолдама Америка немесе Мексиканың біріне бұйырады. Ал Еуропадағы өкіл кейін анықталмақ. Олимпиада ойындарының қалған жеті қатысушысы іріктеу турнирінде рейтинг бойынша анықталады. Халықаралық Олимпиада комитеті синхронды жүзуден дуэттерге арнап 22 квота бөлген.
Бүгінге дейін Қазақстан құрамасы 12 лицензияға ие болды. Бұған дейін Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), классикалық түрде садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу) Олимпиадаға қатысу нормативін орындаған болатын.