«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОМАРТАШЫЛАР ОТБАСЫ

Аққайың ауданындағы Ленин ауылының тұрғындары Рамиль мен Алимаш Ғұбайдуллиндер күнделікті қызметтерінен қолдары қалт еткенде, ара өсіріп, бал өндірумен айналысады. Отағасы бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Оның әкесі – өңірге белгілі механизатор, жүгері өсіруші Шәріпжан Ғұбайдуллин үйде ара ұясын ұстаған.

Ал өзі жұмысқа кеткен кезде бұл жауапкершілігі мол шаруаны зайыбы мен ұлына тапсырыпты. Әкесіне бал арасын баптауға бала жасынан қолғабысын тигізген Рамиль Шәріпжанұлы бұл іске осылайша ынта қояды. Дегенмен, әскер қатарына алынып, кейін оқуға түскенде отбасылық кәсіптен қол үзіп қалады. 1998 жылы ауыл мектебіне мұғалім болып келгенде сүйікті ісімен қайта қауышады. Содан бері бұл кәсіппен үзбей айналысуда. Құдай қосқан қосағы Алимаш Ризыханқызы да кәсіптің қыр-сырын меңгеріп алған.
– Омарташылық – біздің отбасылық кәсібіміз. Бала кезімнен аралар мен тәтті балдың ортасында өстім. Алғашқы жылдары қиындықтар болғанын да жасырмаймын. Көңілім қалаған кәсіп болған соң ба, түрлі кедергілерге мойымадым. Бүгінгі таңда аудандағы балалар-сауықтыру лагерінің директоры болып жүрсем де, отбасылық кәсіптен қол үзген жоқпын, – дейді Рамиль Шәріпжанұлы.
2000 жылы кәсібін кеңейтуді ойлаған омарташылар әулеті ара ұясын 15-ке жеткізеді. Заман ағымына сай бейімделе білген ерлі-зайыптылар алты жылдан кейін “Ғұбайдуллина” жеке кәсіпкерлігін құрып, омарташылықпен бел шеше айналыса бастайды. Мемлекеттік бағдарламалармен таныса келіп, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы екінші деңгейлі банктен ара шаруашылығын дамыту үшін несие рәсімдейді. Бұл қаражатқа аралардың жаңа ұяларын, тағы да басқа бал өндіруге қажетті арнайы қондырғылар сатып алып, жұмысын жандандырады. Бұл өз кезегінде өнім сапасы мен көле­мін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде кәсіпкердің қолында “Карпат” асылтұқымды араларының 40-қа жуық ұясы бар. Ресейдің Кисловодск қаласынан тапсырыс беріп алдыртқан бұл аралар өте еңбекқор. Омарташылар соңғы екі жылда 5 тоннаға жуық бал жинаған. Яғни, тынымсыз еңбек зая кетпеген. Табыс та көңілді қуантады. Бұрындары маусым барысында бір ара ұясынан 50-55 килограмм нәр алынса, қазіргі таңда оның мөлшері еселене түскен.
Өнімдерін брендке айналдыруды көздеген ерлі-зайыпты тұрақты сатып алушылар үшін жеңілдіктер де ойластырған. Мәселен, тұтынушы 10 килограмм бал сатып алса, оған ынталандыру мақсатында тағы бір килограмын тегін береді.
Іскер азамат алдағы уақытта аралардың санын көбейтуді жоспарлап отыр. Өйткені, жайылымнан тынымсыз шырын жинайтын еңбекқор жәндіктердің саны неғұрлым көп болса, олардан түсетін табыс та мол. Сондықтан Украинаға 15 ара ұясына тапсырыс беріп те қойған. Аралар Шал ақын, Тайынша аудандарындағы және Көкшетау өңіріндегі шаруа қожалықтарының алқаптарынан нәр жинайды. Бұл үшін алқап иелерімен келісімшарт жасалған.
Рамиль Шәріпжанұлының айтуынша, аралар гүлі көп алқаптарды іздейді. Егер жаз жайлы, төңіректің бәрі жайқалған бал татитын өсімдік болса, ара да тұқым жайған ортасын тастап кете қоймайды. Топырақтың құнар­лылығын арттыруда айрықша рөл атқаратын жәндіктер майлы дақылдар алқаптарына жайылса, диқандар ұтылмайды.
– Бал арасын өсіруде көпшілік біле бермейтін қиындықтар да бар. Мәселен, кейбір диқандар алқаптарын дәрілегендерін күні бұрын ескертпейді. Бұл балдың сапасына әсерін тигізеді. Ал “Дайындық-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Біржан Шәймерденов алқаптарына араларымызды жаюға қуана келіседі. Тіпті, жыл сайын күзде балымызды сатып алып, жұмысшыларын қуантады, – дейді кәсіпкер.
Алдыңғы жылдары ауа райының қолайсыздығынан 15-тен астам ара ұясынан айырылып, шығынға ұшыраған омарташы былтыр “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы екінші деңгейлі банктен тағы да несие рәсімдеген. Бұл жолы алған 3 миллион теңге қаражатқа асылтұқымды аралар, қажетті құрал-жабдықтар және екі тіркеме сатып алды. Бұған дейін кәсіпкер араларын алқаптарға жеткізу үшін көлік жалдап келген болатын.
Кәсіпкердің сапалы балы өзге өңірлерде де сұранысқа ие. Атап айтқанда, хош иісті өнімдерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Ресейдің Сургут қаласының тұрғындары тапсырыс беріп алдыртады. Бүгінде кенже ұлдары Даниярдың әке жолын қуып, отбасылық кәсіпті жалғастыруы үшін оны осы бастан тәтті өнім өндірудің қыр-сырына баулуда.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp