«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОМБЫ — БАСТЫ СЕРІКТЕСТЕРІМІЗДІҢ БІРІ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бастаған солтүстікқазақстандық делегация Омбы өңіріне барып қайтты. Көршілес екі облыс арасындағы экономикалық әріптестікті, ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы жұмыс сапары іскер байланыс биржасынан басталды.

Байланыс биржасын ашқан Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров Солтүстік Қазақстан облысы маңызды серіктес екендігін айта келе:

– Омбы облысы үшін Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық қарым-қатынас стратегиялық маңызға ие болса, шекаралас өңірлермен екі есе маңыздырақ. Бірлескен кәсіпорындар саны арта түсуде. Бүгінде олардың саны 200-ге жуықтады. Солтүстікқазақстандықтардың облысымыздың экономикасына белсенді үлес қосып жатқандығы қуантады. Бүгінгі сапар біздің ынтымақтастығымыз бен өзара қарым-қатынасымыздың жаңа бағыттарына соны серпін береріне сенімдімін, – деді Омбы облысының басшысы.

Өз кезегінде сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Еуразиялық Экономикалық Одақтың құрылуы тауар айналымының артуына оң серпіліс беретіндігін атап өтті.

– Көптеген жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облысының басты сауда-экономикалық серіктесі Ресей Федерациясы болып табылады. Облыстың сыртқы тауар айналымындағы Ресейдің үлесі 70 пайыз болса, оның 50 пайызы Омбы облысына тиесілі. Облыстың тауар өндірушілерінің Кеден одағы елдерінің компанияларымен экономикалық байланысын әрі қарай дамытуға тараптардың бизнес-делегациялармен алмасуы сеп болмақ. Кездесулер барысында кәсіпкерлер ақпарат алмасып, өнімді жеткізу ісін жақсарту туралы келіссөздер жүргізіліп, бірлескен өндіріс орындарын ашудың мүмкіндіктері талқыланады, – деді Ерік Сұлтанов.

Бүгінде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары Омбы облысының кәсіпорындарымен өзара ынтымақтастықта тиімді жұмыс атқаруда.

Көршілес өңірмен бірлескен жұмыс қарқыны, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында сезіледі. Мәселен, Омбы қаласындағы Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы шарттар шеңберінде егіншілік және жемшөп өндіру мәселелері бойынша бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дәнді дақылдардың және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа түрлерін сынап, оларды өндіріске енгізуге жағдай жасауда.

Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары Омбы ауылшаруашылық дақылдары селекциясы сорттарының элиталық тұқымын және Есілкөл тәжірибе станциясынан майлы дақылдардың тұқымын сатып алуда. Ал Петропавл қаласында орналасқан “АВАГРО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Омбы облысына ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізумен айналысып келеді. Көршілес екі өңірдің денсаулық, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзара қарым-қатынасы да даму үстінде.

Кездесу барысында өңір басшылары мен олардың орынбасарлары “дөңгелек үстел” басында жиналып, екі облыс үшін бірдей маңызға ие мәселелерді талқылады. Қазақстандағы Қызылту станциясынан Ресейдегі Русская Поляна станциясына дейінгі темір жол учаскесін қалпына келтіру, СҚО-ның елді мекендеріне газ тарту және басқа мәселелер туралы ұстанымдар тыңдалды.

Жұмыс сапары аясында экономика, өнеркәсіп, білім беру, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет салалары бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Меморандумға қол қою рәсімінен кейін журналистерге атқарылған жұмыс жайын баяндаған облыстардың басшылары халықаралық деңгейде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар екенін айта келе, мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында бизнес өкілдерін тарту арқылы Омбы облысындағы Русская Поляна станциясынан бастап, Қазақстандағы Қызылту станциясына дейінгі темір жолды қалпына келтіру мәселесінің талқылағанын жеткізді. Ерік Хамзаұлының айтуынша, Омбы нарығына ауыл шаруашылығы тауарларын сату жұмысын жолға қою жоспарда бар.

Ресми іссапар барысында солтүстікқазақстандық делегация Омбы облысындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, Қазақ тілі және мәдениеті орталығының студенттерімен кездесті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

  Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp