Облысымыздың тұрғындары арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында үстіміздегі жылдың 13-22 ақпаны аралығында “Табиғи сауықтыру әдістері және саламатты өмір салтын насихаттау” бойынша онкүндік өтеді деп жоспарланған. Көздейтініміз – халыққа спортпен шұғылданудың маңыздылығын түсіндіру.
Дене шынықтыруды үй жағдайында бастаған дұрыс. Таза ауада жүріп, суда жүзіп, жаздыгүні ролик, велосипед, қыстыгүні шаңғы, коньки тепкен жөн. Демалыс күндері қала сыртындағы орманға серуендеп, балық аулаудың да пайдасы мол. Егер сыртқа шығуға мүмкіндік болмаса, терезені ашып қойып, жалпыға бірдей қарапайым жаттығуларды орындауға болады. Мәселен, гимнастика. Бір орында тұрып жүгіру, гантельмен түрлі жаттығулар жасау тиімді.
Шынығудың ең кең тараған және жеңіл түрі – таза ауаны пайдалану. Бірақ бұл жағдайда жыл маусымының ерекшелігі ескерілуі тиіс. Жылдың жылы кезеңінде шынығу үшін ұзақ уақыт ауада серуендеген пайдалы. Балалар таза ауа тапшылығына өте сезімтал келеді. Олар желдетілмеген бөлмеде ұзақ уақыт болса, енжар тартып, ашуланшақ болады. Баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмайды. Басы ауырып, жүрегі айни бастайды. Сол себепті баланы далаға жиі серуендетуге шығарып отыру қажет.
Су процедураларының өз ерекшелігі бар. Су капиллярлық қан айналымын жақсартады. Үй жағдайында сулы орамалмен денені ысқылап, сүртуге болады. Ол үшін суық судың температурасы 34-35 градустан төмен болғаны жөн. Шынығудың тиімді тәсілі – душ қабылдау. 3 минуттай уақыт ішінде жылы сумен суық суды алмастырып, шомылған жақсы. Қыстыгүні суық суда шомылушылар дәрігердің бақылауында болғаны дұрыс. Және егде тартқан адамға монша буында жиі отыруға болмайды. Ең кемінде 10-15 минуттан аспауы тиіс.
Дене шынықтырумен айналысқан адамның дене бітімі әсем келеді. Одан басқа спорттық жаттығулардың адамның тұлға ретінде қалыптасуына да әсері бар. “Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең” демекші, дені сау адам ғана өзінің ой-өрісін үнемі кеңейтіп, өмірдегі мақсатына жетеді.
Ақжайық ӘЛІМЖАНОВА,
облыстық саламатты
өмір салтын қалыптастыру
проблемалары орталығының
валеолог-маманы.