Соңғы кезде солтүстікқазақстандықтар ғаламтор арқылы алаяқтардың құрбанына айналуда. 23 жасар петропавлдық үйіне жиһаз алмақшы болып, несие ресімдей бастағанында, өтелмеген несиесі бар екенін білген. Айта кету керек, зардап шеккен жігіт банк саласында жұмыс істегенімен, үш ай бұрын өз атына 225 мың теңге қарыз ресімделгенінен бейхабар болып шықты. Оның арызы бойынша алаяқтық жасады деген күдікпен Уәлиханов ауданының 25 жасар тұрғыны ұсталды. Ол өзінің бұрынғы әріптесіне хабарласып, туысынан ақша аударымын күтіп отырғанын, бірақ өзінің карточкасы бұғатталып қалғанын айтып, жеке мәліметтерін сұратқан. Жәбірленуші өз атына онлайн-несие ресімделгенін білместен, карточкасына келіп түскен ақшаны танысына түгел аударған.
Ал тағы бір солтүстікқазақстандықтың атына күдікті 190 мың теңге несие ресімдеген.
Қазір ғаламтор арқылы несие алу оңай. Басы артық құжат талап етілмейді. Қарыз алушы сауалнама толтырып, телефон арқылы бірнеше сұраққа жауап берсе болғаны. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтың айтуынша, жыл басынан бері өңірімізде интернет-алаяқтықтың 68 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден үш есе артық. Тәртіп сақшыларын әсіресе онлайн-несиеге қатысты алаяқтық алаңдатып отыр. Жыл басынан бері мұндай 24 дерек орын алған. Сондықтан тәртіп сақшылары жеке мәліметтеріңіз бен құжаттарыңызға мұқият болып, ешқашан, ешкімге айтпауға кеңес береді. Әсіресе, жеке куәліктің суретін, банк карточкасының пин-кодын, есеп-шоттардың номерін, әлеуметтік желілердегі парақшалардың логині мен паролін құпия сақтау керек. Сауда-саттық сайттарындағы хабарландыруларды мұқият тексеріп, ешқашан алдын-ала төлем жасамаған жөн.