Елімізде төтенше жағдай режімі және карантин жарияланғанына орай облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мамандары түсіндіру жұмыстарын қашықтан өткізуде. Дамыған байланыс жүйесі мен техникалық мүмкіндіктердің арқасында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне арналған семинарлар мен құқықтық оқытуларды онлайн өткізу әбден мүмкін.
Осындай кезекті онлайн бейне-конференцбайланыс барысында департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Нұргүл Қахабаева Ғ. Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндіріп, азаматтардың өтініштерін қарастыру тәртібін, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қайта қалпына келтіру үлгілерін талқылады. Әсіресе, қызметкерлердің құқықтары бұзылмауына, оларды әлеуметтік қорғау мәселелеріне, икемді жұмыс тәртібін енгізу және шамадан тыс жұмыс істеуін болдырмау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Семинарға қатысушыларға төтенше жағдай кезінде әсіресе мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын бұлжытпай сақтауы қажеттігі ескертілді. Мемлекеттік қызметші алда-жалда әкімшілік жазаға тартыла қалса, бұл жайт туралы тікелей басшысына хабарлағаны жөн.
Пандемияға орай енгізілген шектеулерге және жұмыс барысындағы өзгерістерге қарамастан, мемлекеттік қызметші азаматтардың сұрақтарына дереу жауап беруі және соңғы оқиғалардан уақтылы хабардар болуы қажет. Сондықтан осы тектес семинарлар мемлекеттік қызметшілерге ағымдағы жұмысты талқылауға және уәкілетті орган мамандарынан білікті кеңес алуға мүмкіндік береді.
Соңғы кезде еліміздегі барлық мемлекеттік қызметшілер сияқты біздің департамент қызметкерлері де жұмысты уақыт талабына орай өзгерген талаптарға сай жаңа пішімде ұйымдастыруды үйрену үстінде. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын цифрландырыруға бағытталған тағы бір құрал болады және ішкі-сыртқы үрдістерді оңтайландырыруға септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.