“…Біздің отбасымыз сырттан қараған адамға бақытты, алаңсыз болып көрінеді. Өйткені, менің жарым, балаларым, үлкен үйім бар. Жарым – отбасына мейірімді жан, қамқор әке. Бірақ… мен қанша тырыссам да күйеуімді сүйе алмай қойдым”, – депті “Шаңырақ” қосымшасына хат жолдаған Ажар есімді келіншек.
“Айдос менен екі сынып жоғары оқитын. Мектептің дәлізінде бір-бірімізге қарсы кездесіп қалсақ, неге екені белгісіз мен одан қатты қысылып, тік қарауға бата алмайтынмын. Өйткені, оның жүрген жүрісі, сөйлегені, мектеп кештерінде өлең айтқаны маған қатты ұнайтын. Мерекелердің бірінде екеуміз кеш жүргізушісі болдық. Дәл осы күннен бастап жақын дос болып кеттік. Жүрегім алып ұшып мектепке асығатынмын. Ағам Ердоспен бір сыныпта оқитын Айдос үйімізге жиі келіп тұрды. Ол мектепті бітіргенде мен қатты қиналдым. Қалаға оқуға кеткенде сағынып, тағатсыздана күтуші едім. Жазғы демалысқа келсе, мен үшін мейрам болатын. Осылай екі жыл зуылдап өте шықты. Мен Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Айдос маған жатақханаға жиі келіп тұратын болды. Бір күні аяқ астынан әскерге кететінін айтты. Екеуміз ол әскерден келе салып үйленетін болып келістік.
Екінші курста оқып жүргенде жатақханада тұратын құрбымның туған күні болды. Туған күнге біраз студент жиналды. Сол кеште Маратпен таныстым. Ол өте білімді, ұстамды жігіт екен. Бір күні Марат әпкесінің үйінде туған күн кешін жасайтын болып, құрбым Әсел екеумізді шақырды. Ойымда түк жоқ туған күнге бардым. Ал Мараттың туған-туысы жиылып, келін түсіруге дайындалған екен. Мен оны кейін білдім ғой. Қазақтың қыздары үшін киелі босағаны аттап, ақ жаулық салғаннан кейін артқа шегінер жол жоқ. Жылай-жылай тағдырдың басыма салғанына көніп, Айдосты ұмытуға тырыстым. Бірақ жүрек көнбеді. Соның салдарынан Маратты жақсы көре алмадым. Екеуміздің ортақ екі баламыз бар. Олар әкелерін қатты жақсы көреді. Мараттың да балалары десе жаны бөлек. Менің көңілімді табу үшін де мереке сайын гүл сыйлап, бәйек болып жүреді.
“Айдостың отбасы, төрт баласы бар. Бірақ мен оны әлі күнге дейін сүйемін. Ол үйленді деп естігенде іш құса болып өле жаздадым. Не істерімді білмедім. Ол қазір ауылда тұрады. Мені сүйетінін сеземін. Бірақ әскерден келгенін күтпей тұрмысқа шығып кеткенім үшін мені кінәлайтын сияқты. Алайда, өз еркімнен тыс тұрмысқа шыққанымды оған айта алмаймын. Оның мен үшін отбасын бұзғанын қаламаймын”, – деп аяқтапты хатын Ажар.
Дайындаған
Гаухар ҚАЙДАРОВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.