Солтүстікқазақстандық жас шабандоз Алмаз Шытырманов Нұр-Сұлтан қаласында ат спортынан өткен республикалық жарыстан жүлделі оралды.
“Атбегілер мен шабандоздар ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігі мұрындық болған бұл додаға 70-ке жуық шабандоз қатысты. Жарыс бағдарламасына сәйкес петропавлдық өрен 6 шақырымдық құнан бәйгеде сынға түсті. “Кәусар” атты тұлпарды тізгіндеген Алмас Шытырманов мәреге үшінші болып келді. Өңірімізге танымал атбегі Мақсат Азбаевтың шәкірті грамотамен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Он жастағы Алмас Шытырманов – ат спорты түрлерінен “Арғымақ” облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Тайынша ауданының тумасы соңғы екі жылдан бері облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.