Облыстық прокуратура денсаулық сақтау туралы заңнаманың қолданылуы бойынша тексеріс жүргізді. Оның барысында медицина қызметкерлерінің 2013 жылы және биылғы 5 ай ішінде өздерінің кәсіби міндеттерін орындауда олқылықтарға жол бергені, соның кесірінен 45 адамның көз жұмғаны анықталды. Осы және басқа фактілер бойынша 18 медицина қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
– Петропавл қалалық прокуратурасына С. есімді тұрғыннан жаңа туған нәрестесінің өліміне қатысты шағым түседі. Соның негізінде №3 қалалық ауруханада тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде оған уақтылы диагностикалық шаралар жасалмағаны анықталды. Соның салдарынан босану кезінде әйелге тиісті жедел медициналық көмек көрсетілмеген. Бұл қателік дәлелденіп, медицина қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 114-бабы бойынша іс қозғалды, – деді облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының аға прокуроры Руслан Мұқанов.
Облыстық прокуратура қызметкерлері өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелеріне жүргізген тексеріс барысында Тимирязев ауданының орталық ауруханасында бір дәрігердің 3 бағыттағы қызметті бірдей атқарып жүргені анықталды. Бұл жағдай көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына әсер ететіндігі былай тұрсын, кезектілікті де болдыратыны анық. Сонымен бірге, Тимирязев ауданының орталық ауруханасының 102 медициналық құрал-жабдығының 100 пайызға тозғандығы анықталған. Ал Шал ақын ауданының орталық ауруханасында мәйіттерді сақтайтын тоңазытқыш қондырғысының істен шыққанына бірнеше жыл болған. №1 қалалық ауруханада 2013 жылдың қыркүйек айында 35 миллион теңгеге сатып алынған бүйректі фибросканерлеу аппараты жай тұр. Бұл гематологиялық кабинет толыққанды 4 ай ғана жұмыс істеген.
Тексеру кезінде азаматтардың тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмекті өз ақшаларына сатып алған оқиғалары тіркелді. Мысалы, Айыртау ауданының орталық ауруханасында О. есімді әйел баласына заңнамаға сәйкес тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті сатып алған және ұлы ем қабылдау кезінде қызметкерлер одан ақшалай қаражат алып отырған. Бұл қаражат кассаға түспеген.
Есіл, Ақжар, Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың орталық ауруханалары медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлемі бойынша берілген бюджеттік қаражатқа дәрі-дәрмектің орнына 3 миллион теңгеге биологиялық белсенді қосымша сатып алған. №2 қалалық емхананың медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлеміне сәйкес жүргізілетін сринингттік тексерістің электронды базасында мәліметтердің бұрмаланған фактілері анықталды. Аталмыш электронды базада 4 ер адамға әйелдің ағзасына тән ауру-сырқаулықтың алдын алуға бағытталған скринингтік тексерістер жасалғандығы көрсетілген.
Қазіргі таңда тергеуге дейінгі тексеріс жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық прокуратураның
баспасөз қызметі.