
Қазіргі таңда өңірімізде 18 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Соның тең жартысы өткен тәуліктерде анықталды.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Болат Жұмабеков карантиндегі шаһарда барлық ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолдары, саябақ, сверлер мен қоғамдық көліктер дезинфекциялануда. Бұл жұмыстарға он көлік жұмылдырылды. Тағы бірнеше техника бөлу қарастырылуда. Күн сайын 420 аялдама дезинфекцияланады. Қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қоғамдық көліктер тоқтатылды. Бірақ, кейбір кәсіпорындар жұмысын жалғастыруда.
– Бүгінгі таңда облыс аумағындағы жағдай тұрақты. Құқық бұзушылықтар саны азайды. Жеке құрам қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетуде. Барлық жерде тәртіп бақылауда. Сәуірдің үшінен бастап Қызылжар қаласы карантинде. Қалаға 103 көлік немесе 182 адам кірді. Аудандарда да тиісті шаралар жүргізіліп, 25 бақылау-өткізу бекеті жұмыс істейді, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Облыста коронавирус инфекциясын 18 адам жұқтырса, соның ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар. Бұған дейін ауру ошағы Петропавл қаласы мен Тайынша ауданында тіркелген болатын. Бұл қатарға енді Бескөл кенті қосылды. Әзірге, ауру жұқтырған науқастар туралы толық мәлімет жоқ. Бірақ оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары қазір өңірде індет белең алып отырғанын айтып, тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берді.
Қазір елімізде қатерлі індеттен қайтыс болған адамдарды жерлеу рәсімінің алгоритмі де бекітілгенін айтып өту артық болмас. Бұқаралық ақпарат құралдарында бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова инфекциядан көз жұмған марқұмдардың мүрдесі туысқандарына берілмейтінін, жаназаға келген жақындары 3 метр қашықтықта тұруы тиіс және ақтық сапарға аттандыру кезінде қоштасуға жарты сағат уақыт берілетінін айтқан болатын. Жерлеу рәсіміне марқұмның ет жақындары мен бір дін қызметкерінің қатысуына рұқсат беріледі.
Сурет http://gazeta-alekseevsky.ru/ сайтынан алынды.