«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОН ТӨРТІНДЕ МАРАПАТТАЛҒАН АНА шөберелер қызығын көруде

Бүкіл Есқалиевтер әулетінің ардақты анасы, асыл әжесі атанып отырған Нағима апамызды жан жолдасымыздың әрі әріптесіміздің шешесі ғана емес, көпті көрген көнекөз қария, көкірегі шежіреге толы тыл ардагері ретінде де құрмет тұтамыз.

Қазіргі Есіл ауданындағы Ақтас ауылында құрылған ұжымшардың алғашқы мүшесі болып, кейін бригадирлікке дейін көтерілген Сәкен мен оның сүйікті жары Динаның отбасында 1930 жылы 25 мамырда дүниеге келген Нағима апай бір кіндіктен жалғыз қаламын деп ойламаған да болар.

– Ел ішін жайлаған аштық пен шешек ауруынан бір күнде ондаған сәби опат болды десіп отыратын үлкендер. Солардың арасында менің інім Төлепберген мен сіңлім Бағила да кете барды. Тоғыз жасымда асқар таудай әкеден айрылып, анам мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Алайда, неміс басқыншыларының тұтқиылдан ашқан соғысы бұғанамыз әлі қатып үлгермеген біздерді жастығымызға қарамай, ерте есейтті, – дейді сол күндерін күрсіне отырып есіне алатын Нағима Сәкенқызы.  

Бұл ел басына күн туған шақ, қол қусырып отыратын кез емес еді. Шиеттей балалардың өзі үлкендермен бірге таң атқаннан күн батқанға дейін ұжымшар жұмыстарына араласты. Өгіз жетектеп, су тасыды, астық бастырып, масақ терді. Ішкен асқа жарымай жүрсе де, олар кәрі-құртаңдарға осылай қолғабыс етті, бір сөзбен айтқанда, ұжымшардың отымен кіріп, күлімен шықты. Еңбектері еш болған жоқ. 1944 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен 14 жастағы қайсар қыз “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Мұндай құрметке құрбысы Қымбат Кәкімова да ие болды. Біле-білгенге бұл екінің біріне бұйыра бермейтін марапат еді. Бәрінен бұрын, “Көппен көрген – ұлы той” дегендей, асыға күткен Жеңіс күніне аман-есен жетті. Соның өзі көлдария бақыт еді.

– Жастай жесір қалған анам 1946 жылы елге сыйлы, саятшы, балуан, шежіреші, атақты Ақан сері “пысық бала” деп ат қойған Төлебай Сыздықовқа тұрмысқа шықты. Ауыл-аймақ “Ләй” деп атап кеткен Төкең туған қызындай көріп, қашан көзі жұмылғанша мені “құлыным” деп өтті. Мен 19 жасымда ауылдасым Шалабай Есқалиұлымен көңіл жарастырып, тұрмысқа шықтым. Шәкең бар саналы ғұмырын өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнап, сол салада 45 жыл еңбек етті, – дейді қария.

Ұлағатты ұстаз Шалабай Есқалиұлымен бір шаңырақ астында 60 жыл түтін түтетіп, 6 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсірген, олардан немере ғана емес, шөберелер сүйіп отырған бақытты ана бұл күні қамқор әже де. “Алтын алқа” иегері құда-құдағиларын да қазақы дәстүрмен құдайындай сыйлайды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жастық шақтың бар қызуын соғыстың отты күндеріне берген тылдың майталман еңбеккеріне қалалық әкімдік мерекелік медальды үйге әкеліп, салтанатты жағдайда табыс етті.

– Осы жеткен жасыма, Үкіметтің қамқорлығына дән ризамын. Еліміз аман, жұрт тыныш болса екен деп күнде тілеп отырамын. Балаларымның ғана емес, немере-шөберелерімнің қызығын көру – мен үшін асқан зор бақыт. Одан артықты тілеп, күпіршілік еткім келмейді, – деді сол жолы жеті мүшел жасқа сабырлылығымен, қарапайымдылығымен, тынымсыз еңбегімен жетіп отырған Нағима ана, Нағима әже.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Сурет отбасылық альбомнан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp