Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетті. Өңірімізде шектеу шараларын азайтудың екінші кезеңі 4 мамырда басталды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев мәлімдеді.
Дүйсенбіден аумағы 500 шаршы метрге дейінгі барлық дүкендер санитарлық талаптарды сақтай отырып, сағат 17.00-ге дейін, жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы компаниялар, шағын қаржы ұйымдары, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар, сақтандырушылар, ломбардтар, айырбастау пунктері, фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер мен шаштараздар, стоматологиялық клиникалар, медициналық орталықтар жұмыс істей бастады.
– Жұмыс уақыты бұрынғы режімде қалады. Кәсіпорындар жұмысқа кірісу үшін ешқайда өтініш жазудың қажеті жоқ. Ұйымдар әкімдіктің тіркеуінде тұр. Барлық нысандарда қауіпсіздік талаптары орындалуы қажет. Жазылу бойынша ғана адамдарға қызмет көрсетілуі тиіс. Өйткені, кезекте адамдар тұрмағаны жөн. Төтенше жағдай режімі бұзылса, карантин кезінде қызмет көрсетіп жатқан кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылумен қатар жұмысы тоқтатылады, – деген Руслан Әлішев әкімдіктер мен санитарлық қызмет тиісті бақылау жүргізетінін жеткізді.
Қоғамдық көліктер жұмысын әлі бастамайды. Бұл орайда ауданаралық байланыс пен Петропавл қаласынан шығуға шектеу қалатынын айтып өткен жөн. Ал кәсіпорындардың жұмысына қатысты туындаған мәселелер бойынша жергілікті әкімдіктегі кәсіпкерлік бөлімдеріне қоңырау шалған абзал. Осылайша, дүйсенбіден өңірдегі 2400 кәсіпорында еңбек ететін 13 мыңнан астам адам жұмыс орнына оралады.
Руслан Қанатханұлының айтуынша, 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етілген. Санитарлық талап бойынша жаттығу жасайтындар арасындағы қашықтық 2 метр болуы шарт. Бір жерде 3 адамнан артық жиналуға болмайды. Әзірге жабық нысандар мен топтық жаттығуға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, Петропавл әуежайы арқылы ұшақ қатынасы қайта жанданады. Алдын ала болжам бойынша, “SCAT” және “Qazaq Air” әуе компаниялары Нұр-Сұлтан қаласынан аптасына екі, Алматыдан үш рейс жасайды. Жолаушылардың қолында “COVID-19” вирусына тест тапсырғаны туралы анықтама қағазы (анықтама қағазы бір аптаға жарамды) мен жеке қорғаныш құралдары болуы шарт. Алайда, бас санитар дәрігердің айтуынша, қажеттілік болмаса, жолға шығуға асықпаған жөн.
Брифингте өңір тұрғындары арасында қауіпті індет жұқтыру бойынша соңғы дерек бір ай бұрын тіркелгені айтылды. Қазіргі таңда жұқпалы індетке шалдыққан соңғы науқастар ем алуды аяқтауда. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте. Өзге өңірлерде ауру жұқтырған науқастар саны күн сайын артуда. Көрші Ресейде де жағдай ушығып тұр. Сондықтан қауіптің беті әлі сейіле қойған жоқ.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”