«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРАЙЛЫ ІС, ОРТАҚ ПАРЫЗ

Әрбір жаңашыл бастаманың жүз толғанып, мың ойланып жасалатыны анық. Оларды мемлекеттің алға өрлеуін көздейтін қадамдар десе, артық емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемге бірнеше жасампаз бастамаларымен танылып, олардың абыроймен жүзеге асырылып келе жатқанына өзіміз куәміз. Мемлекет басшысының қазақстандықтардың алдына қойып отырған міндеті – елімізді әлемнің барынша дамыған отыз елінің қатарына қосу. Әрине, бұл ауқымы зор, баршамыз болып жұмылып, саясатта да, экономикада да, әлеуметтік-мәдени салада да бір-біріне тіреу болатын мақсаттарды бірлесе жүзеге асыру деген сөз.

Қазақстанның азаматы ретінде маған осы бес бағыттың қай-қайсысы болмасын, қадірлі, қастерлі. Президентіміздің сыртқы және ішкі сын-қатерлерден сақтандыруы – көрегендік. “Жау жоқ деме, жар астында” демекші, сырттағылардың бәрі бізге тілеулес деп жайбарақат отыру жөн емесін сезесің. Біздің бәріміз еліміздегі бейбіт, тату-тәтті тұрмысымызды одан әрі гүлдендіре беруіміз керек. Елбасымыздың “Нұр Отан” партиясының съезінде сөйлеген сөзіндегі “Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді” деген тұжырымы – осы тату-тәтті тұрмысымыздың көрінісі.

Мен – мәдениет қызметкері болғандықтан, осы саладағы қолдан келер мүмкіндіктерімізді пайдаланып, адамдардың санасына мәдениет пен өнердің игіліктерін сіңіруді басты мақсатым деп білемін. Күнделікті жұмысымызда этностардың әрқайсысының рухани құндылықтарын қастерлеп, оларды одан әрі дамытуға тиіспіз. Халық шығармашылығының тамыры тереңде. Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті, өнері бар. Халық шығармашылығын өрлетумен айналысатын қызметкерлер осыны басшылыққа ала отырып, мәдениеттің ел бірлігіне қызмет етуіне жетісуге тиіс. Бұл орайда біздер – біраз игілікті істерді жүзеге асыратынымыз белгілі. Мысалы, биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!” фестиваліне облыс өңіріндегі аудандардың бәрі қатынасып, қаншама этностар өкілдері өнерлерін көрсетті. Бүкіл республика бойынша өткен осы мерекелік шеру этностар достығының ұранындай болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеу барысында да өңірімізде тату-тәтті тұрмыс кешіп отырған этностар арасындағы достық пен келісімнің бұрынғыдан да нығая түскені анық.

Қазір біздің облысымызда мәдени өрлеуге барлық жағдайлар жасалып отыр. Елбасымыз биылғы Жолдауында: “Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет” деп анық атап айтты.

Біздің болашақта атқаратын жұмыстарымызға басты бағыт болып отырған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін Елбасымыз “Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы” атты Ұлттық жоспарды ұсынды. Бұл “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асырудың және әлемнің неғұрлым дамыған отыз елінің ортасынан орын алуымыздың сара жолы. Елбасымыз айтқанындай, “Әркім өз учаскесі үшін жауап берсе” бұл мақсат қолжетімді, алынбайтын қамал емес деп ойлаймын.

Жанболат МҰҚАНОВ,

облыстық халық шығармашылығы

 және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp