«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРАЛМАНДАР НАЗАРЫНА

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заң жобасындағы этникалық көші-қонды реттеу саласына байланысты түсініктеме ақпарат.

Заң жобасында оралмандардың көшіп келу квотасын және тиісінше барлық ақшалай төлемдер мен өтемақыларды беруді тоқтату көзделген. Бірақ оралман мәртебесінің иегерлері үшін басқа әлеуметтік көмектердің барлығы сақталып отыр. Олар:

1. Зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты

“Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы Заңының 2-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей зейнетақымен қамсыздандырылу құқығын пайдаланады. Осылайша, оралмандар Қазақстан Республикасында тұрақты тұрған жағдайда, Қазақстан Республикасы азаматтығының болуына не болмауына қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей зейнетақымен қамсыздандырылу құқығын пайдаланады. Сонымен қатар, азаматтық және Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғанға дейін оралмандарға зейнетақы төлемдерін тағайындау рәсімдерін жеңілдету мақсатында оралман куәлігінің негізінде зейнетақы тағайындау көзделген.

Республикалық заңнамаға сәйкес зейнетақының мөлшері тек екі өлшемшартқа: еңбек өтіліне және зейнеталды кезеңінде алған орташа айлық табысына байланысты болады. Осыған байланысты, оралмандар зейнетақысының мөлшері ҚР азаматтарынікі сияқты еңбек өтіліне және зейнетақыны есептеу үшін ұсынылған орташа айлық табысына байланысты болады.

Мемлекет зейнетақы жасына жеткенде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне кепілдік береді, оның мөлшері барлық зейнеткерлерге бірдей болып табылады және ең төмен күнкөріс мөлшеріне (қазіргі кезде көрсетілген мөлшердің 50% құрайды) байланысты болады. Елде тұру ұзақтығы, еңбек өтілінің болуы және ұзақтығы, сондай-ақ өзге де факторлар мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігіне және оның мөлшеріне әсер етпейді.

“Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы” ҚР 1997 жылғы 16 маусымдағы Заңының 17-бабына сәйкес Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан, жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы болмаған кезде Заңда белгiленген жасқа толғанда азаматтарға жасына байланысты жәрдемақы тағайындалады.

Талап етілетін еңбек өтілінің жетпеуі салдарынан зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы болмаған кезде ең төмен күнкөріс деңгейінен 50% мөлшерінде жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

2. Әлеуметтік сақтандыруға қатысты

Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алушыларды қоспағанда, ҚР аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында табыс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, қызметкерлер, өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.

Осыған байланысты, ҚР азаматтығы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын оралмандар тұруға ыхтиярхат негізінде жалпы негіздерде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылады.

3. Атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) қатысты

“Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” ҚР Заңына сәйкес жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен (ең төмен күнкөріс деңгейінен 40%) табысы аз отбасыларға АӘК төленеді.

Оралмандар да ҚР азаматтарымен бірдей АӘК алу құқығын иеленеді.

4. Балалы отбасыларға жәрдемақы төлеуге қатысты

“Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” Заңға сәйкес туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасылардың:

бала тууына байланысты бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы (отбасының табысына қарамастан);

бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жәрдемақы (отбасының табысына қарамастан, отбасындағы балалар санына қарай сараланған мөлшерде);

жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себеті құнынан төмен табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына арналған жәрдемақы (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде);

мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (отбасының табысына қарамастан) алуға құқығы бар.

Осы Заңның күші ҚР азаматтары мен оралмандарға қолданылады.

5. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға қатысты (арнаулы мемлекеттік жәрдемақы)

1999 жылы қолданысқа енгізілген “Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы” ҚР Заңымен заттай жеңілдіктер арнаулы мемлекеттік жәрдемақылармен ауыстырылған, оның мөлшері бұрын берілген заттай жеңілдіктерге қарай сараланып белгіленген.

Бүгінгі күні азаматтардың 20 санаты, оның ішінде Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын оралмандар арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады.

6. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге қатысты

“Халықты жұмыспен қамту туралы” ҚР Заңына сәйкес оралмандар халықтың нысаналы тобына жатады, мемлекет оларды жұмыспен қамту бойынша шаралармен қамтамасыз етеді.

Оралмандар сондай-ақ “Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы” шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатыса алады (кәсіптік оқудан, қайта даярлаудан өту, біліктілігін арттыру, өз ісін ашу үшін микрокредит алу).

Тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты

“Тұрғын үй қатынастары туралы” ҚР Заңына сәйкес оралмандар халықтың нысаналы тобына жатады, олардың жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігі қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар. Сонымен қоса, оралмандар “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алу арқылы баспаналы бола алады.

Заң жобасына сәйкес Үкімет оралмандарды қоныстандыратын өңірлерді айқындайтын болады. Оралман мәртебесі тек осы өңірлерге келгендерге беріледі.

Бұл ретте, олар бірінші кезекте ықтияр-хат алу керек, содан кейін оралман мәртебесіне өтініш бере алады.

Оралман мәртебесінің келесі жағдайларда күші жойылады:

1) азаматтық алғаннан кейін;

2) ықтиярхаттың күші жойылған жағдайда;

3) оралман мәртебесін алған күннен кейін 7 жыл ішінде азаматтыққа құжаттар тапсырмаған жағдайда;

4) егер оралман мәртебесін алған өңірде 5 жыл тұрмай басқа өңірге өз еркімен көшіп кеткен жағдайда.

Басқа өңірлерге келгендер басқа ұлттардың өкілдері сияқты ықтиярхат алып тұрақты тұра алады. Ол үшін олар өзінің төлем қабілеттілігін (банкке 2,5 млн. теңге көлемінде қаржы салу қажет) растауға міндетті. Бірақ олардың оралман мәртебесіне өтініш беру құқығы болмайды.

Оралмандардың қазақстандық азаматтығына өтініш беру құқығы тек қоныстанған өңірде 4 жыл тұрақты тұрғаннан кейін ғана пайда болады.

(Ресми ақпарат). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp