«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРАҚҚА ӘЗІРЛІК ОЙДАҒЫДАЙ, ал қысқа дайындықты ширату қажет

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалық етуімен өткен облыстық әкімдіктің отырысында күзгі егін орағына, энергетикалық кешеннің және тұрғын үй нысандары мен әлеуметтік сала мекемелерінің 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымына, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселелер қаралды.

Алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров сөз алып, егін орағы науқанына дайындық жұмыстарына кеңінен тоқталды.

– Біздің өңір сапалы бидай өсіруде алдыңғы қатардағы облыстардың бірі болып саналады. Облыста заманауи технологиялар көмегімен жоғары сұрыпты өнім өндіруге басымдық берілген. Қазіргі уақытта егін орағына дайындық науқаны ерекше қарқынмен жүргізілуде. Биылғы жылы 4366,4 мың гектар ауылшаруашылық дақылдарын жинап алуымыз керек, – дей келе, Қайрат Қайроллаұлы күзгі егін орағына жұмылдырылатын техника жайын сөз етті. Оның айтуынша, биыл орақ науқанына 8879 комбайн мен өзге де техника жұмылдырылмақшы. Қазіргі таңда қажетті техника аудандарда жеткілікті. Күзгі егін орағы науқанының алдында облыстың ауыл шаруашылығы саласы 6,4 миллиард теңгенің 600 техникасымен қосымша жабдықталғанын да баса айтып өткен жөн. Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Ақжар аудандары жаңа техника алуда белсенді жұмыс жүргізуде. Күзгі егін орағына қажетті жанар-жағармай да жеткілікті мөлшерде екенін баяндамашы тілге тиек етті. Агроқұрылымдардың дизель отынына мұқтаждығы 77,5 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 72,5 мың тоннаның дизель отынымен қамтамасыз етілген. Жалпы сыйымдылығы 3,4 миллион тоннаны құрайтын 54 астық қабылдау кәсіпорны лицензияға ие.

Отырыс барысында орақ науқанында ауа райы қолайсыздық тудырған жағдайда тәулік бойы жұмыс істеу қажеттігі айтылды. Осы орайда облыс әкімі Ерік Хамзаұлы күзгі егін орағы науқанының дайындық жұмыстарына оң баға беріп, алдағы уақытта жұмысты тиімді ұйымдастыру, әсіресе, астық қабылдау кәсіпорындарының дайындығы назардан тыс қалмауы қажеттігін ескертті.

Одан әрі сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев облыстағы тұрғын үй нысандары мен әлеуметтік сала мекемелерінің 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстың электр жүйесі компаниялары 311 қосалқы станцияға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Петропавл қаласында бюджет қаржысы есебінен 6,3 километр жылу жүйесі салынуда. Сондай-ақ, коммуналдық шаруашылықтағы нысандар мен әлеуметтік мекемелердің қысқы жылыту маусымына дайындығына бюджеттен 1 миллиард 82 миллион теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда әлеуметтік нысандардағы 544 қазандықтың 94 пайызы жылыту маусымына дайын. Сондай-ақ, білім беру мекемелеріндегі бірқатар жылу қазандықтарын ауыстыру көзделген. Бүгінгі таңда оның дені ауыстырылса, қалғаны қыркүйектің екінші онкүндігінде аяқталады деп көзделуде.

Күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе – білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы. Осы орайда облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарымен таныстырды.

Жаңа оқу жылында 75 балабақша мен 487 шағын орталықта 2305 бала тәрбиеленбекші. Жалпы білім беретін 534 мектепте 71312 оқушы білім алмақшы. Тағы бір айта кетерлігі – биыл бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер саны өскен. Мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды білім алуы үшін де бар жағдай жасалатынын басқарма басшысы ерекше екпін түсіре айтты. Өйткені, өңірде 1501 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Жалпы облыста 15846 педагог маман балаларды білім нәрімен сусындатады. Ал “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 430 жас маман жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау мақсатында да нақты жұмыс атқарылатыны айтылды. Облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 503 бала мемлекет қамқорлығына алынған. Биылғы “Мектепке жол” акциясы аясында 1266 балаға материалдық көмек көрсетілген. Білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына дайындау барысында жергілікті бюджет есебінен 73,6 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу қазандықтары қалыпқа келтірілген. Бүгінгі таңда 534 білім беру мекемесінің 504-і толығымен жаңа оқу жылына дайын.

Жиын соңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында қолға алынған білім беру нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.

Отырыс соңында облыс әкімі қатысушыларды Конституция күнімен құттықтап, бір топ қызметкерлерге қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға қосқан үлесі үшін “Қазақстан Конституциясына 20 жыл” мерекелік медальдарымен марапаттады.

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp