Қазіргі таңда Тайынша ауданында күзгі орақ науқаны қарқынды жүргізілуде. Ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып қалуға тырысқан диқандар “сары алтынды” шашау шығармай жинап алуға асығуда.
“Фауна” фермерлік шаруашылығының басшысы Геннадий Ходаковский орақ науқанын аяқтауға санаулы күндер қалғанын жеткізді. “Біз жиырмасыншы орақ науқанын аяқтауға жақынбыз. Фермерлік шаруашылықта жылқы өсіріп, егін егумен айналысамыз. Биыл 4,5 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл егілді. Арпаның жоғары сұрыпты тұқымын Түменнен алдырдық. Қазір алқап басында он комбайн егінді оруда. Соның төртеуі – жаңа комбайндар. Биыл техника паркі жаңартылып, екі егістік кешенін, төрт комбайн мен КамАЗ сатып алдық”, – дей келе шаруа қожалығының басшысы Геннадий Викторович егіс науқанына қырық адам жұмылдырылғанын, сондай-ақ бидай сақтайтын қойма салғандарын айтты. Гектар берекелілігі – 20 центнер.
Жалпы, Тайынша ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдары орақ науқанына тамыздың онында кіріскен. Бүгінде 263,3 мың гектар алқаптың дәнді дақылы жиналды. Соның 153,9 мың гектарына бидай егілген. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Көлбаевтің айтуынша, бастырылған дәнді дақыл 373,3 мың тоннаны құрайды. Ал майлы дақылдар бойынша 73,3 гектар алқаптан 52,8 тонна рапс пен зығыр жиналған. Сондай-ақ, картоп пен көкөніс жинау да аяқталып қалған. “Астық Стем” шаруашылығында картоптың шығымы жақсы екенін тілге тиек еткен бөлім басшысы ауданда ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келе жатқанын айтты.