Петропавлда мектеп оқушылары орбиталық станцияның үлгісін жасап шығарды. Авторлардың пайымдауынша, 10 мың адамға арналған ғарыш кемесінде бір ғасыр бойы өмір сүруге болады. «Ковчег-1» деп аталатын орбиталық станцияны жасап шығару үшін Анатолий Зверев пен Олег Дидеев бір ай бойы тер төккен.
Жер шарында болып жатқан түрлі экологиялық проблемалар, табиғи қорлардың тапшылығы, жаңа тіршілік көзін іздеу сияқты ғаламдық мәселелер Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларын орбиталық станцияның прототипін жасап шығаруға итермелеген.
«Ковчег-1» станциясы түрлі ғаламшарлардың орбитасында тұра алады. Станцияда егін егіп, мал өсіріп, балық шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бар. Оның 4 бөлігінің бірінде адамдар тіршілік етеді. «Ковчегте» су қоры таусылғанша, яғни 100 жыл бойы өмір сүруге болады», – дейді жоба авторларының білі Анатолий Зверев.
Орбиталық станцияның ұзындығы – 60, диаметрі – 12 шақырым. Авторлардың пікірінше, ғылым саласы бүгінгі қарқынмен дамыса, жобаны келесі жүзжылдықта жүзеге асыруға болады.
«Болашақта адамзатқа осындай ғарыш кемесі қажет болуы мүмкін. «Ковчег-1» – бірнеше бөліктен тұратын, әр бөлігі жеке жұмыс істейтін станция. Ол орталықтан, станция діңгегінен басқарылады. Ғарыш кемесіне басқа ғаламшарлардан ұшуға арналған аппараттар келіп қона алады. Сондай-ақ, адамдарды және жүк тасымалдауға болады. Жер шарында адам санының көбеюіне байланысты ғалымдар өзге ғаламшарларда тіршілік көзін іздеп жатыр. Сондықтан, бұл – маңызды жоба. Келешекте біз осы жобаны жетілдіріп, термоядролық қондырғыларды орнатқымыз келеді», – дейді физика пәнінің мұғалімі Василий Крючков.
Мектеп оқушылары ғарышты игеру саласында басқа да жобаларды қолға алмақ.
Былтыр Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Қызылорда қаласында өткен республикалық байқауда өз жобаларын сәтті қорғап, үшінші орынды жеңіп алған болатын.