Қадірін білген жанға қара жердің де жаны бар. Топырақ та табиғатпен бірге түлеп, бірге тыныстайды. Түрлі химиялық препараттар мен тыңайтқыштарды шектен тыс қолданған жер құнарынан айырылып, қанша күш салса да бір тал шөп өспейтін қу тақырға айналады. Жүздеген жылдар бойы соқа тимей жатқан қазақ даласының бетіндегі құнарлы қабаты әлі ондаған жыл бойы мол өнім алуға жетер. Алайда ол да шексіз емес. Жөн-жосықсыз тұқым себіліп, техникамен өңделген жер келе-келе пайдасыз болып, шамадан тыс тыңайтқыш қажет ете бастайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан құнарлы қабаттың қоры таусылған сәтте топырақ шаңды құмға айналып, судың өзі сіңбейтін күйге жетеді. Ұрпағымызды осындай қатерге ұрындырмау үшін шаруалар жердің жайын бүгіннен ойлай бастауы керек.
Бұл тығырықтан шығудың басты жолы – органикалық егістіктерді дамыту. Өкінішке қарай, елімізде бұл сала кенже қалып қойған. Мол өнім мен табысты көздеген диқандар өздерін асырап отырған алқаптардың жай-күйіне алаңдамайды. Алдағы 10-20 жылдықты болжап, егістіктің ертеңін ойлайтындар аз. Кәсіпкерлердің басым бөлігі топырақты күтіп, құнарын сақтап, түрлі экологиялық әдіс-тәсілдерді пайдаланғаннан гөрі тонналап минералдық тыңайтқыш енгізіп, аз шығынмен мол табыс тапқылары келеді. Егіс алқабының көлемі бойынша дүниежүзінде сегізінші орын алатын Қазақстанның астықты өңірінде органикалық егістік алқаптарының саусақпен санарлық қана болуы бұл мәселенің маңыздылығын көрсетеді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының агрономия бөлімінің басшысы Бақтияр Қабдрашитовтың сөзінше, облыста нақты қанша гектар жерде органикалық тәсіл қолданылатыны туралы дерек жоқ. Десе де бұл салада жұмыс істеп, өнім экспорттап отырған серіктестіктер бар.
– Өңірде органикалық өнім шығаратын 5 агроқұрылым бар. Олардың төртеуі өнімін экспортқа шығарады. «Асхат-Агро», «Покровское Агро», «Бредун» серіктестіктері органикалық зығыр өндіреді. Аққайың ауданында орналасқан Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы жаздық трикале (бидай мен қара бидай буданы), қыстық бидай, қара бидай, трикале тұқымдары мен пішендеме экспорттайды. Жамбыл ауданындағы «Қызыл Агро» серіктестігі бидай, бұршақ, жасымық, зығыр сатады, – дейді басқарма өкілі.
Халықтың табысы артқан сайын азық-түлікке деген талғамы да өзгеріп келеді. Бүгінгі жұртшылық тек қарын тойдырудың қамын ғана емес, құнарлы, таза, пайдалы өнім тұтынуды ойлайды. Сондықтан да дүкен сөресінен бағасы қымбат болса да сапасы жоғары, құрамы таза тағамды алуға тырысады. Органикалық сүт, ет, жұмыртқа, ұн өнімдеріне сұраныс қашан да жоғары. Мұндай санаттағы азық-түліктің бағасы да әдеттегіден қымбат. Өйткені органикалық тәсілді толық сақтап жұмыс істеу қиын. Мысалы, органикалық нан алу үшін диірменге түсетін бидай минералды тыңайтқыштарсыз, пестицидтерсіз өсірілуі керек. Ал экологиялық таза сүт беретін сиыр химиялық қоспасыз өсірілген жемшөпті ғана жейді. Бұл өндірушілерге салмақ салады. Содан да болар, бұл бағытта жұмыс істегісі келетіндер саусақпен санарлық. Олардың өзі дәнді-дақылдарды өңделмеген күйі шетел асырумен шектеліп отыр.
– Органикалық шаруашылықтың табысы айтарлықтай көп емес. Табиғатқа мейілінше аз зиян келтіріп, жерді аз өңдеп, тыңайтқыштардан бас тартып мол өнім алу қиын. Мұндай азық-түліктің бағасы тым жоғары, сондықтан қалталылар болмаса, қарапайым халыққа қолжетімсіз. Дамыған елдерде бұл бағыт өте танымал. Қазақстан сияқты дамушы елде әзірге органикалық шаруашылық дәстүрлі егіншілік сияқты табысты емес, – дейді бірнеше жыл өңірдегі агроқұрылымдарға кеңес берумен айналысқан агроном Мұхтар Жолдыбайұлы.
Солтүстік Қазақстан – игерілген жер көлемі бойынша алдыңғы қатардан орын алатын өңір. Аймақтың 86 пайыз жері ауыл шаруашылығына тиесілі. Экоқордағы жердің үлесі 10 пайыздың айналасында ғана. Бұл табиғаттағы экожүйеге орасан зиян келтіріп, ондағы өзін-өзі қалыпқа келтіру механизмдерін бұзады. Мұндай жағдайда өңірдегі экоахуал жыл өткен сайын қиындай бермек. Алқаптарға тонналап минералды тыңайтқыш сіңіріп, гербицидттер мен пестицидтерді тым көп пайдалану егістікке ғана емес, оның айналасындағы орман-тоғайға, өзен-көлге, жан-жануарларға да кері әсер етеді. Бұл мәселені зерттеген жергілікті университет ғалымдары топырақтың құнарын сақтап, тыңайтқыш енгізуді азайту үшін су ресурстарын пайдалану керек деген қорытындыға келген. Павел Дмитриев, Иван Фомин, Ирина Катаева, Салтана Исмағұлова жүргізген зерттеулерге сенсек, өңір аумағының 3,5 пайызын алып жатқан өзен-көлдерден табиғи тыңайтқыш алуға болады. «Егістік жерлердің дұрыс қолданылмауы көлдердің батпаққа айналуына, топырақтың құнарсыздануына әкелді. Бүгінде алқаптардың 80 пайызына мелиорация жүргізу қажет. Табысынан айырылғысы келмеген диқандар аса қауіпті әрі қымбат синтетикалық тыңайтқыштар қолдана бастады. Бұл тығырықтан жасыл технологиялар арқылы шығуға болады. Көлдердің астындағы шөгінділерден экологиялық таза тыңайтқыш алу арқылы топырақты байытамыз әрі су көздерін тазартамыз. Көлде жинақталған органикалық заттар таза өнім алуға жол ашар еді», – дейді ғалымдар.
Іздеген адамға органикалық тыңайтқыш алудың жолы көп. Жұмысы жолға қойылса малдың қиын да кәдеге жаратуға болады. Мысалы, былтыр Мамлют ауданындағы «Мәмбетов және К» серіктестігі өңірде алғаш болып органикалық тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын ашқан. Нысанда сағатына 15 текше метр шикізат өңдеуге мүмкіндік бар. Ал «Радуга» серіктестігі компост зауытын салып жатыр.
Алдағы бірнеше жылда өңірде органикалық ауыл шаруашылығы бойынша ірі жоба жүзеге аспақ. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университеті, А.И.Бараев тындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының ғалымдары және «БИО-KATU» серіктестігі бірлесе отырып, органикалық өнімдерді өндіру және өңдеу бойынша бастаманы қолға алған. Нәтижесінде солтүстікте экологиялық таза азық-түлік пен мал азығын өндіру бойынша тәжірибе жүргізіліп, өндіріске енгізілмек.
Аталған саладағы кәсіп иелерін алаңдататын ең басты мәселе – қаржылай қолдаудың аздығы. Бұған күні бүгінге дейін елде органикалық өнімдерге қойылатын стандарттардың болмай келуі де себеп. Тек стандарттар бекітілгеннен кейін ғана қаржыландыру механизмі іске қосылған.
– Келер жылдан бастап органикалық өнім шығарушылар субсидияға өтініш бере алады. Мемлекет органикалық өнім өндірудің сәйкестігін растау кезінде жұмсалған шығыстардың бір бөлігін субсидиялайды. Кәсіпкерлердің шығындарының жартысы бюджет қаражаты есебінен өтеледі. Бұл аталған салада жұмыс істейтіндер үшін кәсібін одан әрі дөңгелетуге мүмкіндік береді, – дейді облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бақтияр Қабдрашитов.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».