Петропавлда 29 әскери медаль мен орденді қолды еткен пәтер тонаушылар
ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. “Полицияға ет комбинаты ауданында жеке үйлердің бірінде пәтер ұрлығы жасалғаны жайлы хабарлама түсті. Ұрылар түс кезінде үйге баса көктеп кірген. Қолды болған заттардың ішінде 29 медаль мен орден бар. Наградалар үй иелеріне екі жыл бұрын қайтыс болған майдангер әкесі Григорий Ефимович Яйковтан қалған”, – делінген хабарламада.
Бір тәулікке жетпейтін уақытта күдіктілердің кім екені анықталды. Ұстау операциясы “Корона” сауда үйінің маңында жүргізіліп, майдангердің медаль-ордендерін 50 мың теңгеге сатуға әрекеттенген ұрыларды ұстады.
Ұрлық жасаған Петропавл қаласының 1985 және 1986 жылы туған тұрғындары болып шықты. Екеуі де бұдан бұрын ұрлық, есірткі сату қылмысы үшін бірнеше рет сотты болған. Тергеу барысында орден, медальдарды ұрлаған күні олар Копай шағынауданында тағы бір үйді тонағаны белгілі болды. Түскен ақшаға скутер сатып алған.
Ұсталғандар қамауға алынды. Аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.