Абайсыз жағылған от, сөнбей қалған шоқ, лақтырылған темекі тұқылы, найзағайдың жасыны өртке себеп болып, орманға үлкен залал әкеледі. Даланы құрғақшылық жайлаған жаз айларында оттың тұтануы тіпті жеңіл. Көктем мен күз айларында ауыл шаруашылығы құрылымдарының егіс алқаптарын тазарту жұмыстары қоршаған ортаны жиі отқа орайды. Осындай олқылықтардың алдын орау үшін орманшылардың ат үстінде жүретін қауырт мезгілі басталғалы да екі ай.
Орлиногор орман шаруашылығына қарасты үш орманшылықтың бірі – Қамсақты, онда орманшы-қорықшы қызметтерін қатар атқаратын төрт адам еңбек кетеді. Шаруашылықтағы 7324 гектар орманды алқапты қадағалап шығу үшін қызметкерлер күніне 15 шақырым жол жүріп, орманды аумақтың бұрыш-бұрышын бақылап, қауіп-қатердің алдын алуға тырысады. Бір шеті Бұлақ ауылдық округінің оңтүстік-шығысынан басталған жер аумағының келер басы Айыртау ауданының Светлый елді мекенінің солтүстік-батысына дейін созылып жатыр. Орманды алқабымыздың 40 пайызы – қылқан жапырақты ағаштар, соның ішінде – қарағайлар. Осы қызметкерлердің жауапкершілігінің арқасында өзім еңбек еткен үш жыл ішінде келеңсіз оқиғалар орын алған жоқ.
Біздің қарауымыздағы орманды алқаптан табиғат пайдаланушы “Углежок” ЖШС-і ағаш алып, кәсіпкерлігін дөңгелетіп отыр. Былтыр оларға 5 мың текше метрдің ағашы босатылды. Табиғатты пайдаланушы қоршаған ортаның тепе-теңдігіне нұқсан келтірмеу үшін, бірқатар міндеттерді атқаруға тиіс. Мәселен, өткен жылы олар 90 гектар жерге көшет отырғызуға тиіс еді. Өкінішке қарай, кәсіпкер барлық жұмысты ұршықтай үйіріп алып кете алмай жүр. Орманда кесілген әр ағаштың орнына екі түп көшет отырғызбасақ, ертеңгі күні бар байлықты суға ағызып аларымыз сөзсіз.
Орманшылар да қол қусырып, бос отырмайды. Өздеріне бекітілген жер аумағындағы табиғи өскіндерді әрі қарай жетілдіру үшін табиғи өскен балапан көшеттерді қазып алып, арнайы тәлімбақтарға жібереді. Былтыр Шкалов орман шаруашылығына 700 балапан көшет жібердік. Былтырдан бастап екі гектар жерге өз тәлімбағымызды ашып, онда қарағай, алма сияқты ағаштардың көшеттерін отырғызуды қолға алдық.
Светлый, Бұлақ, Қарақамыс, Бірлестік елді мекендерінде тұратын орманшылар ауылдық округтердің әкімдіктерімен және ондағы шаруашылықтармен қоян-қолтық жұмыс істейді. Жұрттың көмегі керек болған кезде ауылдағы қолы бос адамдарды орманшылық жұмыстарына тартып, еңбектеріне құлаған, өрттен зақымдалған ағаштарды отын ретінде пайдалануға береміз. Орманшылардың баршасында техника бірдей жеткілікті емес, бірақ әр елді мекендегі шаруа қожалықтарының көмегімен ол қиындықтар да еңсеріліп отырылады. Біздің шаруашылықта соңғы жылдары заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелген жоқ. Тұрғындар табиғатты пайдаланушы кәсіпкерден керек отынын жаздырып алады.
Аумақтағы білім беру мекемелерінде, агрошаруашылықтарда өрт қауіпсіздігі тақырыбында ақпараттық сабақтар өткізу дәстүрге айналған. Жол бойына өрт қаупін ескерту, кеңес айту тақтайшалары орнатылған. Бүгінгі таңда мекеме орман алқаптарын ескі ағаштардан санитарлық тазалау, қауіпсіздік жолақтарын жаңарту жұмыстарымен айналысуда.
Серкелбай ТЫНЫБЕКОВ,
Орлиногор орман шаруашылығының шебері.
Есіл ауданы.