Жамбыл ауылының тұрғындары Қазақстан халқы бірлігі күнін мерекелеп, шат-думанға бөленіп жатқанда Айнатуовтар отбасы қайғыдан қан жұтып, қара жамылды. Таңертең ғана бала-шағаның ортасында жайраңдап отырған отағасыдан қапияда айрылу ауылдастарының өңі түгіл, түстеріне енбеген еді.
… Құс ұйқылы Ғабит бүгін де ерте тұрды. Жуынып-шайынып болғаннан кейін күндегі дағдысымен мал қораға қарай беттеді. Отбасының нәпақасын айырып отырған мал мен бау-бақша күтімінен ерекше ләззат алғандай сезінетіні бар: шаршағанын лезде ұмытып кетеді. Бәлкім, көзін тырнап ашқаннан әкесінің жанында төрт түлік өсіруге жәрдемдесіп, қадірін біліп өскендіктен бе, бойына малсақтық қасиет ұялаған. Қорада жамырай қарсы алған Зеңгі баба, Шопан ата түліктерін жайлап болып, таңғы таза ауамен кеуде кере дем алды да үйге енді.
Қолы берекелі жан жары Анар мерекелі дастарқанды жайнатып жіберіпті. Ерекше ықыласпен дайындағаны бірден байқалады. Анасы Әзия да келініне көмектесіп, құрақ ұшып жүр. Мектеп жасындағы Тимур мен Тахмина компьютердің қызығына берілген. Екі жастан асқан Әмір танауы пысылдап, тәтті ұйқы құшағында. Әкелік мейіріммен маңдайынан құшырлана иіскеді. Сосын оятып алмайын дегендей, ақырын басып дастарқанға озды. Осындай демалыс күндері ғана төрт құбыласы түгенделіп, бір-бірін жаңа көргендей мәре-сәре болып қалады. Сүт қатқан қою шайды ұрттай отырып, неге екені белгісіз, әкесін есіне алды.
Оның далаға шығып кеткені сол еді, қайтуы тіпті жылдам болды. Жүзі әлемтапырық, күреңітіп кетіпті. Үйдегілер жайшылық па дегендей оған сұраулы жүзбен қарады.
– Ауылдан 3-4 шақырымдай жерден түтіннің шығып жатқанын байқап қалдым. Сірә, өрт шалған болу керек. Байқап келейін. Күн де желдеткелі тұр.
Сөзін қысқа қайырды. Далаға бірге ілесе шыққан Анар: “Әріптестеріңді күтсең қайтеді, ә?” – деді күйеуіне. Жүрегі бір жамандықты сезгендей даусының қалай жалынышты шыққанын байқамай қалды. Ол үндемеген күйі “Т-40” тракторына от алдырып, орманды алқапқа қарай аттанып кетті.
Ғабит көп жыл машина-трактор шеберханасында жұмыс істеп, техниканың тілін бес саусағындай меңгеріп алған. Осыдан бес жыл бұрын Жамбыл орман шаруашылығы Плоский орманшылығының орман шебері жұмысына кіріскелі темір-терсекке үйірлігі көп кәдеге жарады. Аз уақыттың бедерінде табиғат байлықтарын көздің қарашығындай сақтауды талап ететін күрделі де жауапты учаскеде өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылып, ұжымда абыройға бөленді. Оны елгезектігі, адалдығы үшін ауыл-аймақ та құрмет тұтты. Отбасын кешеуілдеп құрса да, қатарластарынан кем қалмады. Балаларының алды 7-сыныпта оқиды. Анардай асыл жарды жолықтырған тағдырына риза.
Қылтадан шыға келгенде аспанға тік шаншыла көтерілген қою қара түтінді көрді. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Алдын жайпап келе жатқан от-жалын осы кезде еліре соққан тентек желмен ерегіскендей, егістік үстін қуалап, қалың ағашқа қарай ентелеп қалыпты. Жалма-жан ұялы телефонын іске қосып, орманшы Бауыржан Құсайыновпен хабарласты. Өрттің екпіні қатты екенін, өзімен бірге ерікті өрт сөндіру тобын ала келуді ескертті. Өзі көп ойланбастан, орманды өрттен сақтап қалуға жанұшыра ұмтылды. Дөңбек ағашты тіркеме ретінде пайдаланып, “тілсіз жаудың” алдын бірнеше рет кес-кестеп өтті. Бір кезде қолқаны ашытқан түтіннен тұншығып, басының айналғанын, демінің таусыла бастағанын сезгендей болды…
Қызмет бабында өзін ержүрек, рухы мықты жан ретінде таныта білген марқұм бар-жоғы 42 жасында отқа оранып, қыршынынан қиылды. Қамқор әке, үлгілі отбасы иесі қандай марапатқа да лайық.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жамбыл ауданы.