Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылында “Тәуелсіздік жылдарындағы орман шаруашылығын жаңғырту кезеңдері” атты форум өтті.
Аудандық Мәдениет үйінде жайылған кең дастарқан, шырқалған ән мен күй бұл күні кімді болса да бейжай қалдырған жоқ. Бұл жерде ағаш бұйымдары мен орманда өсетін табиғат байлықтарының көрмесі де көздің жауын алды. Ал сахнада қазақ, неміс, поляк, украин және орыс халықтарының ән-биінен шашылған шашу көрермендердің де көңілінен шықты. Өңірдегі 12 орман шаруашылығының қызметкерлері елімізді мекендейтін этностардың ұлттық тағамдарын ғана емес, салт-дәстүрлерінен сыр шертетін бағдарлама дайындады. Бұл шара мемлекеттік орман шаруашылықтары арасында өткен “Бір шаңырақ астында” атты шығармашылық сайыс аясында ұйымдастырылды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара барысында қолға алынған тағы бір ерекше сайыс – орман шаруашылықтары директорларының таныстырылымы болды. Онда 12 басшы слайдтар, фильмдер, буклеттер арқылы өз мекемелерінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылында жеткен жетістіктерін ортаға салып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.
Форумға қатысушылар ауылдағы Жеңіс аллеясына ағаш отырғызды. Бұл шараға аудан әкімі Иван Турков та қатысты. Игі істен ауданның ішкі істер бөлімі мен күш құрылымдарының қызметкерлері де шет қалған жоқ.
Шараның екiншi бөлімі аудандық Мәдениет үйiнiң үлкен залында жалғасын тауып, қатысушылардың назарына 2003 жылы құрылған облыстық орман және аң шаруашылығы басқармасы, өңір табиғатын қорғау бағытында атқарылған іс-шаралар туралы деректі фильм ұсынылды. Мінберге көтерілгендер 1993 жылы қабылданып, бұл саланың нақты мiндетi мен мақсаттарын айқындап берген елiмiздiң алғашқы Орман кодексiнiң маңыздылығына тоқталды.
Форум соңында орман шаруашылықтары кеңселерiн көркейту бойынша сайыс қорытындыланды. Нәтижесiнде Пресновка орман шаруашылығы жеңістің биік тұғырына көтерілді. Ал екiншi және үшiншi орындар Мамлют пен Шал ақын аудандарының өкілдеріне бұйырды. Дәмі тіл үйіретін тамаша тағамдарымен, тамылжыған әнімен шараның сәнін келтiрген “Бiр шаңырақ астында” атты сайысында қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерімен таныстырып, беташар рәсімін көрсеткен Сергеевка мен Бұрлық орман шаруашылықтары жеңіске жетті. Екiншi орынға Орлиногорское мен Мамлютка орман шаруашылықтарының қызметкерлерi, ал үшiншi орынға Қызылжар мен Соколовка орманшылары ие болды.
Директорлар сайысында Булаев орман шаруашылығы мемлекеттiк мекемесiнiң директоры Мереке Құрманғалиев үздік атанды. Екiншi орын форум қонақтарын ыстық ықыласпен қабылдаған пресновтықтарға бұйырса, үздік үштікті Есiл ауданы орманшыларының директоры Валерий Соколовский түйіндеді.
Соңғы жылдары бұл салаға жастар да ден қоя бастаған. Солардың бірі – Соколовка орман шаруашылығының маманы Евгений Антонишин басқарма басшысының арнайы марапатына ие болды.
Жеңiмпаздардың барлығы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл күнi орман шаруашылығына талай жыл еңбегi сiңген ардагерлер де ұмыт қалған жоқ. Олар жас орманшылардың ән-шашуын тамашалап, ақ баталарын берді.
Қабиден СӘДУАҚАСОВ,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.