Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылына кірер жолдың қасындағы ну орман кез келгеннің назарына ілігеді. Жазда самал желмен жапырақтары сыбдыр қаққан қайыңдар қол бұлғап тұрған аруларға ұқсаса, қыста жапалақтап жауған қарды бұтақтарына қондырып алып, мүлгіп тұрған кейпімен табиғатқа ерекше бір сән береді. Қалалықтар, бескөлдіктер мен маңайдағы ауыл тұрғындары үшін бұл орманның іші табиғаттың жұмағындай. Соны жайнату үшін қаншама орманшы маңдай терін төкті десеңізші?! Солардың қатарындағы Жантас Жарқынбаевтың, Иван Бондаренконың, Ескендір Махметовтің есімдері ел аузында. Ал орманшы Жантас Кәмәлиұлының өмірі мен сіңірген еңбегі елден ерек.
Жантас Кәмәлиұлының балалық, жігіттік шағы “Бірінші Май” ауылында өткен. Жантастың атасы Жарқынбай бай дәулетті болғандықтан, бірден “халық жауы” қатарына ілегіп, елден кетуіне тура келді. Аштық жайлаған 1932-1933 жылдары бұл әулет Ресейге көшіп барып, пана іздейді. Кейін елге қайтып оралғанда, қоныстанған қотандары бүгінгі Архангельское ауылынан жиырма шақырым жер болыпты. Қалың орман, бауырында су беті күнге шағылысқан көлі бар бұл жерді тұрақтап қалушылардың қатары көбейіп, ауылға айналыпты.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Жантас Кәмәлиұлы колхоздың ең қиын жұмыстарында істеп, үйде анасына қолғабыс жасап жүрсе де, өзін ер сезінетін жігіттің ойы майдан даласына аттану болады. Ол 1943 жылы әскер қатарына алынып, Отан қорғауға аттанып, Венгрия, Румыния, Австрия елдерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан. НКВД-ның құпия бөлімде қызмет еткен ол майданнан елге кеш оралады. Жантас Кәмәлиұлын жақсы білген, онымен талай дәмдес болған Зарап атамыз: “Жантас ұзын бойлы, кең иықты, әдемі жігіт болатын. Омырауы толған ордендер мен медальдар. Орал темір жолының Кондратовка разъезіне түсті. Ат арбаға отырғызып алып, ауылға беттеп келеміз. Ауылды айнала қоршаған қалың қайың орманы. “Жартыкөл” көлі алыстан көріне бастады. Айналадағы табиғаттың әсем көрінісіне тесіле қараған Жантастың жүзі бал-бұл жанды”, – деп еске алған еді.
Соғыстан кейінгі халықтың ауыр тұрмысын көрген ол көп ұзамай жұмысқа білек сыбана кірісіп кетеді. Әжептәуір білімі бар Жантасты елдегілер қырман меңгерушісі етіп сайлады. Адал еңбегімен көзге түскен Жантас Кәмәлиұлын сол кездегі колхоз басшысы, Социалистік Еңбек Ері Есләм Баукенұлы бригадир етіп қояды. “Бірінші Май” ауылының тұрмысы түзеліп, егін алқабы үлкейіп, мал шаруашылығы өсіп-өніп, жұмыс көбейген кезде басшылықтағы жауапкершілік те ұлғайған еді. Бұл міндетті де Жантас Кәмәлиұлы талай жылдар бойы абыройлы атқарып, жұртқа жақсы естелік қалдырды.
Жантас Кәмәлиұлы мінезі жұмсақ, жаны жайсаң адам болатын. Ол табиғатты өте жақсы көргендіктен, өз қалауы бойынша орманшылыққа тұрып, 1964 жылдан бастап осы салада еңбек етті. Ормандағы ағаштардың босқа кесілмеуін қадағалау, көшеттер отырғызу істерімен белсене айналысты. Осы қызметі арқылы өз балаларын еңбекке баулыды. Отбасымен бірге табиғат аясына шығып, ағаштардың тұқымдарын жинап, көшет отырғызып, күтіп, суарып, көп еңбек сіңірді. Орманда жүрген жануарларды, құстарды қорғауды өзіне міндет санап, қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Орманшы қызметін аптап ыстықта да, қақаған аязда да, төпеген жауын-шашында да атқара берді. Бұл жұмыс оңай емес еді. Қараша айынан бастап, қаңтарға дейін жасыл шыршаларды ұры-қарыдан күзету, тұқымдарын жинау аса бір қиын жұмыстардың бірі саналады. Қыстың қақаған аязында шыршаны күзету орманшының жауапты қызметі болатын. Жазда халықты отынмен қамтамасыз ету үшін орманның ішін аралап, қай жердің ағашын кесуге болатынын жоспарлайды. Тамызық отын беру үшін орман ішін қазықтармен белгілеу, ағаштың бұтақтарын шауып, сыртқа шығару, ұсақ, жарамсыз бұтақтарды жағу, жуан бұтақтарды отынға жарату, орман ішін тазалау – ең жауапты жұмыстардың бірі. Өрттен қорғау үшін орманды айналдыра жырту, жеміс-жидектер мен саңырауқұлақ теруге, табиғат аясына демалуға келетіндерге демалыс орындарын жасау да орманшыға міндет. Осы жұмыстардың барлығын Жантас Кәмәлиұлы 18 жыл тынымсыз атқарыпты.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдары Ұлы Отан соғысынан келмеген азаматтардың жетім-жесірлеріне, отбасыларына көмек ретінде отынды үйлеріне апарып беру де Жантас Кәмәлиұлының жылдағы дәстүрлерінің бірі болған. Өз балаларына ауылдағы жесір кемпірлердің отындарын дайындап беруді, картоптарын қазып, суларын тасып беруді жүктеп қоятын. Осындай көпшіл жанды көзі тірісінде ауылдастары қатты сыйлап, қадірлеп өтті.
Еліне, жұртына сыйлы болған Жантасты көзі көргендер бүгінге дейін мадақтап, ісін ұрпаққа үлгі етіп отырады. Осы күнге дейін Архангельское ауылының орманды алқабы жайқала өсіп, табиғатқа ерекше бір сұлулық береді.
Қайыржан ЖАРАСБАЕВ,
Архангельское орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.