«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРМАН – ЕЛ БАЙЛЫҒЫ

Табиғат ресурстарын сақтау, көбейту және ұтымды пайдалану – орман шаруашылығы қызметкерлерінің негізгі міндеті. 

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 550 мың гектарды құрайды. Оның 435 мың гектары – орманды жер. Ал бұл бағыттағы қызметті жүргізу 12 коммуналдық мемлекеттік мекемеге жүктелген.

Биологиялық әртүрлілікті, флора мен фаунаның сирек түрлерін сақтау және экологиялық теңгерімді ұстау үшін өңірімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар белгіленген. Табиғат ескерткіштері 121 гектар жерде орналасса, 134,6 мың гектар аумақ “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің еншісінде.
Облыстың орман шаруашылығы қиындықтарға қарамастан, елімізде алғашқылардың бірі болып заманауи инновациялық технологияларды қолдануда. Бұл ормандарды пайдалануда, қорғауда және молықтыруда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беруде.
Соңғы жылдары орман байлықтарын сақтап, көбейту мақсатында біраз жұмыс атқарылды. Ормандарды өрттен, заңсыз кесуден қорғау үшін жыл сайын материалдық-техникалық база жаңартылады. Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 180 миллион теңге бөлініп, 10 өрт сөндіру көлігі сатып алынды. Ормандардағы өрт сөндіру бекеттері 26 автокөлікпен жабдықталған. Сондай-ақ, 80 трактор, 159 патрульдік автокөлік, 30 өрт бөшкесі және тағы басқа жабдықтар бар.
Үстіміздегі жылы біздің өңірімізде 32 гектар жерде 16 орман өрті тіркелді. Өрттің орташа ауданы 2 гектарды құрады.
Жасыл желекті аумақты көбейту – орман шаруашылығы қызметкерлері үшін маңызды міндет. Биыл бұл мақсаттағы жұмыстар 1205 гектар жерде жүргізілді.
Бүгінгі таңда облысымызда көшеттер өсірілетін 29 уақытша орман тәлімбағы бар. Бұл 26 гектар аумақта 7 миллионға жуық көшет өсіріледі.
Өткен жылы жүргізілген күзгі жұмыстардың нәтижесінде облыстың орманды аумағы 984 гектарға ұлғайып, 435,8 мың гектарды құрады.
Ормандарды пайдаланудың негізгі түрлері – сүрек дайындау және рекреациялық қызметті жүргізу. Мемлекеттік орман қоры аумағында барлығы 51 ұзақмерзімді орман пайдаланушы жұмыс істейді. Бүгіндері орман шикізатын өңдеудің жаңа, инновациялық тәсілдері енгізілуде. Сүрек терең өңдеу технологиясынан өтеді.
Ормандарды сүрек дайындау бойынша жалға алушылар 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып, сүрек көмірін дайындайтын 20 цех пен 4 зауыт салды. Сонымен қатар 29 ағаш тілгіш орнатылып, технологиялық жоңқа өндірудің 3 желісі іске қосылды. Жүзден астам ағаш өңдеу білдегі мен 5 уатқыш қондырғы сатып алынды. 80-100 мың текше метр сүрек өңделіп, терең ұқсатудың көлемі артуда.
2017 жылы “АБД-Орманы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүрек дайындау бойынша ұзақмерзімді орман пайдаланушылардың алғашқысы болып Қазақстан Республикасының Ғылым қоры арқылы 300 млн. теңгенің грантын алды. Бұл қаражат ағаш кесу, көшеттер өсіру, ормандарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін бөлінді. Сүрек дайындауға қажетті харвестер мен форвардер сияқты жаңа техникалар сатып алынды. Орман өнімдерін дайындаудың заманауи технологиясы осы екі техника арқылы жүзеге асырылады. Көшеттер өсіру үшін жылыжай салынды. Үстіміздегі жылдың тамызында айына 160 тонна сүрек көмірін дайындайтын зауыт пайдалануға берілді. Жоба құны – 10 миллион теңге.
Өткен жылы сүрек дайындау бойынша ормандарды ұзақмерзімді жалға алушы “Азия – WOODS” ЖШС-і де 300 миллион теңгенің грантына қол жеткізген болатын. Серіктестік биыл өз қаражаты есебінен кесінді қалдықтарын өңдейтін зауытты пайдалануға берді. Сондай-ақ, кәсіпорында жоғары сапалы сүрек көмірі және еуробөрене жасалады.
Біздің басты мақсатымыз – ормандарды сақтау және көбейту. Басқарма мамандары ағаш кесуге арналған учаскелерді белгілеп, егіске арналған жерлерді таңдайды. Сондай-ақ, олар егу жұмыстарын, орман зиянкестерімен және ауруларымен күрес жүргізеді. Алдағы уақытта да орманға бас-көз болу, өртенген және бос жерлердің ауданын қысқарту біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болып қала бермек.

 

Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА,
облыстық табиғи ресурстар және
табиғат пайдалануды реттеу
басқармасының маманы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp