«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРМАН – ЕЛ БАЙЛЫҒЫ

Жыл сайын үдеп бара жатқан жаһандық жылыну үдерісі – адамзатты алаңдатып отырған басты мәселе. Өзен-көлдердің ластануы, жан- жануарлардың азайып, зиянды қалдықтар көлемінің артуы жер шарының тұрғындарына, ұрпағымыздың ертеңіне қауіп төндіруде. Әсіресе ну ормандағы ағаштардың қатарының сиреуі табиғи тізбекті бұзады. Бұл мәселе аққайыңдар өлкесі атанған Қызылжар өңірі үшін де маңызды. Аталған жайтқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мән беріп, халыққа арналған Жолдауында: «Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әралуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін», – деген болатын.

Жомарт табиғаттың адамға берген басты сыйы – орман. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 684 мың гектардан асады. Оның ішінде 135 мың гектар жер «Көкшетау» табиғатты паркінің аумағына кіреді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының қарамағында 549 мың гектар жасыл желек бар.

Орман шаруашылығы еліміздің экономикалық, экологиялық жүйесінде маңызды рөл атқарады. Жайқалған жасыл желек еліміздің ұлттық байлығы болып қала бермек. Ендігі міндет – сол байлықты көздің қарасындай сақтап, еселей түсу. Президенттің 5 жыл ішінде 2 млрд. түп көшет егу туралы тапсырмасы да бұл саладағы жұмыстарға қарқын қосып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының 5,5 пайыз аумағын орман алып жатыр. Оның 85 пайызы қайың болса, қалғаны – шырша мен қарағай. Өңір аумағының елеулі бөлігін алып жатқан ормандар экономиканың дамуы үшін маңызды шикізат көзі саналады.

Өңірде жыл сайын салаға жаңа технологиялар енгізіліп, көшет өсіру, орман ресурстарын пайдалану ісі ілгерілеп келеді. Соңғы жылдары өңірде ағаш өңдеу кластерін қалыптастыру қолға алынған. Ауқымды экономикалық жоба аясында ашылуы тиіс кәсіпорындардың алды жұмысын бастап кетті. Алдағы уақытта Қызылжар құрылыс пен жиһаз өндірісіне қажетті өнім шығаратын ілгері аймаққа айналмақ. Былтыр өңірде 14 ұйым ағашты дайындау, өңдеу ісімен айналысқан. Бұл жұмыстарға 200 адам тартылған. Осылайша 100 мың текше метр ағаш өңделген.

2021-2022 жылдары өткен орман құру, есепке алу жұмыстарының аясында 2033 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары жасалған. Бүгінде өңірде 12 орман шаруашылығы бар. Оларда 580 маман еңбек етеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2021-2027 жылдарға арналған орман қорын молайтудың кешенді жоспары жасалды. Оның аясында өңірде 122 млн. көшет егу жоспарланған. Соңғы үш жылда 50 млн. тал егілді. Биыл тағы 24,5 млн. көшет жеріміздің көркіне айналады. Көктемде оның 11 миллионын егіп үлгердік. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Бұл деректердің барлығы ағаш егу бойынша республикалық мониторингтік картаға енгізіліп отырады, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Василий Лабанчук.

Орман қорын молайту үшін көшет өсіру жұмыстарын жолға қою керек. Жергілікті қазынадан аумағы 20 гектар болатын тәлімбақтың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау қаржыландырылған. Жоба жүзеге асса, жаңа тәлімбақта 5-7 млн. көшет өсіруге болады.

Жасыл желекті қорғаушылар үшін басты қатер – орман өрті. Бүгінде өрттің алдын алу, сөндіру шаралары 12 шаруашылықта жүргізіледі. Тілсіз жаудың алдын алу үшін арнайы жоспар жасалып, өртке қарсы күштер есепке алынып, Ресейдің шекаралас облыстарымен келісімдер жасалған. Өңірдегі орман өртінің қауіпті кезеңі 7 сәуірден басталды. Соған орай аудандарда құрамына төтенше жағдайлар, полиция мен орман шаруашылығы қызметкерлері кіретін 42 жедел топ құрылған. Жыл басынан бері облыс аумағында 8 өрт тұтану дерегі тіркелген. Сақтық шараларын бұзу бойынша 6 хаттама толтырылған. Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында биыл Көкшетау қаласында оқыту ұйымдастырылды. Бүгінде шаруашылықтарда 21 өрт сөндіру көлігі, 84 трактор, 157 патрульдік автокөлік, 854 радиостанса, 13 өрт стансасы бар. Тұтанған өртті ерте анықтау мақсатында 16 видеобақылау жүйесі, 26 дрон жұмыс істейді.

– Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын шығайту жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылда мамандарға құны 644 млн. теңге болатын 65 техника алынды. Оның ішінде 22 трактор, 35 патрульдік көлік, 8 өрт сөндіру модулі бар. Биылдың өзінде 12 ұшқышсыз ұшу аппараты, 120 ауа үрлегіш, 60 мотоцикл сатып алынды. Оған 277 млн. теңге бөлінді. Бұған қоса «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке өрт сөндіру техникаларын алу жұмыстары жүзеге асырылуда. Жоспарға сай 112 техника алу көзделген, – дейді Василий Лабанчук.

Орман көлемінің артуы жаңа өрт сөндіру стансаларының құрылысын қажет етеді. Сондықтан да биыл Булаев қаласы мен облыс орталығында екі стансаның құрылысы басталған.

Өңір орманшылары жасыл желектің минерализацияланған жолақтарына күтім жасауға да ерекше мән береді. Биыл ұзындығы 8 мың километр қауіпсіздік жолақтарына күтім жасау көзделген. Бұдан бөлек, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жергілікті тұрғындар, білім беру ұйымдары және экобелсенділермен бірлесе жұмыс істейді. Жүргізіліп жатқан шаралар халықтың экомәдениетін арттырып, тұрғындардың қоршаған ортаға қамқорлық жасауына жол ашады.

Президент бастамасымен елімізде жыл сайын бүкілхалықтық ағаш егу күні белгіленді. Биыл аталған бастаманы облыстың барлық ауданы қолдап, мамандар елді мекендер мен ормандар маңына тал еккен. Осылайша бір күнде Қызылжардың жасыл желек қоры 42 мың түпке артқан. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің тал егуі де жақсы дәстүрге айналып келеді. Осының арқасында білім ұйымдарының маңында тал көктеп, шағын саябақтар ашылған. Сонымен қатар облыс орталығында су басқан аудандарды абаттандыру аясында да тазартылған жерлерге көшет отырғызылып, тұрғындар серуендейтін көлеңкелі орынға айналмақ. Осылайша жасыл желек теріскейдің экологиясы мен экономикасының дамуына, елді мекендердің ажарлана түсуіне оң әсер етеді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Pıkır

Адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі оның қоршаған ортаға деген қарым-қатынасынан көрінеді. Ағаш егу арқылы біз тек өңірді ғана көркейтпейміз. Бұл – тұтас елге, жер шарына пайдасын тигізер игі іс. Шағын ғана аумақты өзгерту арқылы біз тұтас экожүйеге оң әсер етеміз. Біз өткен жылы қала маңында мыңдаған өсімдік отырғызуды жоспарладық. Алайда ол ойымыз жүзеге аспады. Ойда жүрген істі биыл жүзеге асырудың мүмкіндігі туды. Бастамамды қолдауын сұрап экобелсенді Алексей Сибирскийге хат жаздым. Өтінішімізді жерде қалдырмайтынына сенімді болдым. Жергілікті мамандар да көп көмегін тигізді. Бейінді мекеменің қолдауының арқасында қала маңынан жер бөлініп, көшет егу жұмыстарына жетекшілік жасалды. Белсенділер мен мамандардың бірлескен күшінің арқасында көктемде қала маңына 15 мың тал егілді. 10 мың көшет еріктілердің күшімен жеткізілсе, 5 мыңын бейінді басқарма бөлді. Табиғатқа қамқор еріктілер, тұрғындар, жастар іске білек сыбана кірісіп, келешек орманның негізін қалады. Жалғыз адам мұндай ауқымды істі бір өзі орындай алмас еді. Сондықтан да халықтың осындай шараларға белсенді қатысып, жанашырлық көрсеткені дұрыс.

Жердің көркі – орман. Жасыл желек даламызға сән беріп, ауамызды тазартып тұр. Мұның артында қаншама орманшы мен белсенділердің еңбегі жатыр. Өскен өлкесіне, қоршаған ортаға, табиғатқа жанашыр әр адам экоакциялардан шет қалмай, көшет егуге көмегін тигізуі керек.

Динара ӨМІРЗАҚОВА,

экобелсенді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp