Табиғат байлықтарын көздің қарашығындай сақтау, қорғау ережелеріне қатысты насихаттық-ақпараттық шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өкінішке қарай, бұл талаптардың әр кез орындала бермейтінін мониторингтік талдаулар көрсетіп отыр. Жасыратыны жоқ, тұрғындардың көпшілігі орман өрттерінің туындау себебін, одан келетін материалдық шығындар мен экологиялық ауыр зардаптардың салдары жайлы біле бермейді. Осылайша, өрт қауіпсіздігінің ережелері қатаң сақталмауы салдарынан оқыс оқиғаларға жол беріліп жатады. Статистика көрсеткендей 10 орман өртінің 8-і адамдардың салғырттығынан тұтанады екен. Бір ғана шалыс қадам жайқала өскен ағаштармен қатар аң мен құсқа орасан залал келтіреді. Бәрінен бұрын қоршаған орта үшін орны оңайлықпен тола қоймайтын көл-көсір зиянын айтсаңшы. Топырақтың үстіңгі құнарлы қабатына айтарлықтай нұқсан келеді.
Көктем, жаз мезгілі қызыл тілі сумаңдаған отты жалынның жиі орын алатын маусымы болғандықтан, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өрт қауіпсіздігінің қарапайым қағидаттарын сақтаудың нақты шараларын айқындап отырады. Осы ведомствоға қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығымен орман өрттеріне қарсы күресті күшейтудің нақты жолдары белгіленіп, биылғы 26 наурыз бен 14 сәуір аралығында дайындығы тексерілетін мемлекеттік орман шаруашылықтарының тізбесі жасалынды. Олардың арасында облыстық әкімдіктерге бағынышты орман мекемелері, “Көкшетау” мемлекеттік-ұлттық табиғи паркінің бөлімшелері, сол сияқты Инвестициялар және даму министрлігінің, “Қазақстан теміржолы” ҰК” АҚ-ның орман алқаптарын қорғау ұйымдары бар.
Рейд барысында өрт сөндіру стансаларының, арнайы техникалар мен құрал-жабдықтардың әзірлігі жан-жақты тексеріледі. Сонымен қатар орман өрті секілді қатерлі жайттарға жол бермеу мақсатымен қатарымызға еріктілерді көптеп тартуды да көздеп отырмыз. Жоғарыда айтқанымыздай орман-тоғай алаңқайларында отты сөндірусіз қалдырудың, сіріңке лақтырудың, темекі тұқылын тастаудың, яғни өрт қауіпсіздігі қағидаттарын сақтамаудың соңы сан соқтырып жататын фактілер аз емес.
Орман өрттеріне жол берген кінәлілер әкімшілік жазаға тартылатынын да айтып өткен жөн. Нақтылай түсер болсақ, заңға сәйкес жеке тұлғаларға – 10, шағын субъект иелеріне – 30, орта бизнес өкілдеріне – 50, ал ірі кәсіпкерлерге 150 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Мұндай оғаш оқиғалар ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтарда тіркелген жағдайда жауапкершілік тіпті қатаңдатылады. Бұл орайда жеке тұлғалар – 100, шағын субъект иелері – 250, орта бизнес өкілдері – 400, ірі кәсіпкерлер 1500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Өткен жылы инспекция қызметкерлерінің қатысуымен 155 әкімшілік хаттама толтырылып, 2417663 теңге айыппұл салынды. Алты лауазымды тұлғаға ескерту берілді.
Бейбіт ҚЫЗБИКЕНОВ,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары.