
Қауіпсіздік ережелерін елемеудің салдарынан жыл басынан бері өңірімізде 378 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының уақытша міндетін атқарушы Нұрлан Атығаев мәлімдеді.
– Пеш пен электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы салдарынан 24 адам қаза тапса, 13 азамат әртүрлі дене жарақатын алды. Келтірілген шығынның көлемі 39 пайызға артты. Қызыл жалынның басым бөлігі Қызылжар, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда тіркелді. Ал шығын көлемі 44 миллион 371 мың теңгені құрады, – деді Нұрлан Бауыржанұлы.
Өрттердің 71 пайызы жеке тұрғын үй секторында орын алған. Көп жағдайда пешті қараусыз қалдырып, электр құралдарын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың кесірінен келеңсіз оқиғалар орын алған. Электр сымдарының қысқа тұйықталуы да өртке себеп болуда. Құтқарушылар қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында аталған кезең ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйлеріне дабылқаққыштар орнатты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар биыл 52 автокөлік отқа оранды. Келтірілген шығынның мөлшері 8 миллион 483 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 52 пайызға көп. Өрттің басым бөлігі, яғни 23 оқиға облыс орталығында орын алды. Төтенше жағдайларға негізінен электр қондырғыларының тозуы, қайта құру ережелерін орындамау және жанар-жағармай жүйесі мен газ қондырғыларын орнату кезіндегі техникалық ақаулар себеп болған. Отқа оранғандардың 33-і жеңіл автомобиль, 10-ы жүк және 6-уы автобус. Сараптама жұмысы көліктердің қолданыс мерзімі 25 жылдан асып кеткендігін көрсетті.
Өңірімізде орман өрті де азаймай тұр. Жыл басынан 53 гектар аумақта орын алған орман өрттері 2,8 миллион теңге шығын әкелген.
– Осы күнге дейін мемлекеттік орман қорының аумағында 16 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 45,5 пайызға көп. Соның ішінде 5 оқыс оқиға орман қорының ерекше қорғалатын аймақтарында, соның ішінде “Көкшетау” мемлекеттік табиғи ұлттық саябағында орын алды. Он бір өрт оқиғасы аудандық әкімдіктердің қарауындағы ормандарда тіркелді, – деді департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы.
Тұрғындарға қауіпсіздік ережесін түсіндіру және орман алқаптарын қадағалау бойынша облыс аумағында 25 мобильдік топ құрылған. Жүргізілген 223 рейдтік шара барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 34 фактісі тіркелді. Сөйтіп, 34 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Баспасөз мәслихатында департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев демалыс маусымында суға түсу талаптары туралы айтып берді.
– Бүгіндері облыста 60 өзен, 2148 көл бар. Дегенмен, тек 58 жерде суға шомылуға рұқсат берілген. Департамент мамандарының жүргізген түсіндіру жұмыстарына қарамастан қайғылы оқиғалар орын алуда. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 17 адам су айдынында қаза тапты. Соңғы алты жылда облыста 168 адам суға батса, олардың 22-сі – бала, – деді Ерік Темірханұлы.
Көз жұмғандардың дені рұқсат етілмеген су айдындарында шомылған. Құтқарушылар соңғы екі жылда 82 адамды құтқарған.
Жиын соңында мамандар “112” телефон нөмірінің тәулік бойы жұмыс істейтінін ескертіп, судасақ болуға кеңес берді.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.