
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаевтың қатысуымен өткен брифингте өрттің және тасқын судың алдын алу және зардабын жою шаралары баяндалды.
Жыл басынан бері облыс аумағында 198 өрт оқиғасы орын алған. Келтірілген материалдық шығын 28 млн. теңгені құрады. Қызыл жалыннан 16 адам көз жұмып, 7 адамды күйік шалған. Соңғы апта ішінде ғана 17 өрт фактісі тіркелген. Мұндай келеңсіз жағдайлар көбіне қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан туындап жатады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Червонное ауылында отқа оранған баспанадан әйелдің мүрдесі табылған. Қызылжар ауданы Прибрежное ауылында жұмыртқа өндіретін цехтың 1100 шаршы метр аумағы жанып кеткен.
Департамент бастығының айтуынша, бүгінгі күнге дейін 400-ден астам дала өрті тіркеліп, қызыл жалын 560 гектардан астам жерді шарпыған. Негізгі себептер – құрғақ шөпті, қалдық сабанды өртеу, темекі тұқылдарын лақтыру. Өрт оқиғаларын дер кезінде анықтау және жолын кесу мақсатымен облыста 55 мобильдік топ жұмыс істейді. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, азаматтық қорғау, жергілікті полиция, орман шаруашылығы қызметкерлері енген.
Нұржан Бауыржанұлы тексеру-бақылау жұмыстары барлық бағытты қамтитынын, кінәлілер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер қарастырылғанын, қазір карантин режіміне қарамастан тұрғындарға үйден тыс жерлерде және саяжай учаскелерінде болуға мүмкіндік тудырылғанын, бұл орайда, құрғақ шөптерді, қоқыстарды өртеу кезінде аса абай болу қажеттігін еске салды.
Орман өрті де жиілеп тұр. Жыл басынан 12 орман өрті орын алып, 23 гектар алқап зақымданған. Шығын мөлшері – 1 млн. теңге. 684 мың гектар орман алқабының 533 мың гектарында ғана қауіпсіздік шаралары жасалған екен.
Департамент бастығының орынбасары су тасқыны ұдайы назарға алынғанын жеткізді. Гидрологиялық бекеттерде, оның ішінде, Сергеев су қоймасы мен Петропавл су торабында өзеннің деңгейі төмендегені байқалады.
Сурет: http://lenta.inform.kz/