«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРНЫ БӨЛЕК АСЫЛ ДОС

Біздің арамызда үлкен жүректі, ізгі тілекті азаматтар аз емес. Солардың бірі Амангелді Өзбекұлы еді. Әттең, оның ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Жас кезімізден бірге жүріп, сырлас болған жан досың туралы өткен шақта айту қиын әрі ауыр. Бірақ тағдырға кім қарсы тұра алады, амал қанша дейсің еріксіз.

Амангелді Жамбыл ауданындағы табиғаты көрген жанның көз жанарын байлайтын, жағалай айдын көлдері шар айнадай жарқыраған, аққу-қазы қиқулаған, аққайыңдар тербетілген жерлес-қаламгер Сәбеңнің туған жері – Сәбит ауылын-да 1963 жылы қарашаның 14-ші жұлдызында дү-ниеге келген. 1981 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін Алматы халық шаруашылығы институтының бірінші курсына қабылданды. Амангелді оқуға өте зерек, алғыр болды. Кез келген қоғамдық жұмысқа білек сыбана, ауыр-жеңіл деп қарап жатпай, кірісіп кетуші еді. Үшінші курста жатақхананың тәртібіне жауап беретін комсомол жастар тобын басқарып, топ жетекшіміз болды. Оқумен қатар, спортпен де шұғылданды. Ара-дағы үш жыл ішінде дзюдо, самбо сияқты спорт түрлерінен топ жарды. Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан студенттердің арасынан алғашқылардың бірі болып универсиада чемпионы атанды.

Сабырлы да салмақты мінезімен көпке жақты. Бір топ жігіттің арасында келе жатқанда ол өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Нағыз азаматтық болмыс Амангелді досымның жүрістұрысынан, киім киісінен анық байқалушы еді.

Студенттік кезімізде ауылшаруашылығы жұмыстарын атқаруға Торғай облысына егін орағына барғанымыз күні кешегідей есімде. Жастарды ерінбей еңбек етуге жұмылдыра білген де өзіміздің Амангелді Өзбекұлы болатын. Оның: “Үйге қайтқан кезде әрбіріңнің қалталарыңда 300 сомнан кем емес ақша болуы тиіс, өздеріңе қажетті заттар сатып аласыңдар”, – дегені әлі күнге дейін жадымда.

Түрлі себептермен уақытша оқудан қол үзген досым 1989 жылы жоғары оқу орнына қайтып оралды. Ол кезде мен институттың комсомол ұйымының хатшысы болатынмын. Студенттер қатарына оралғанына шын көңілден қуанып, бар көмегімді аямадым. Екі жылдан кейін қолына дипломын алып, қуанышқа кенелдік. Қимас достардың жолы сан тарауға бөлінді. Осылайша, бір-бірімізге жылы лебіздерімізді айтып, шыға-рып салдық.

Амангелді жерлес-жазушы Сәбит Мұқановқа туыс болып келетін. Бізбен қатар оқыған Балапан Сәрсеков есімді немере ағасы Сәбеңнің жары Мәриям апайдың үйінде тұрды. Сол кезде Амангелдімен бірге мен де Мәриям апаның қо-лынан талай рет дәм татып, бірге отырып шай ішкен едік. Бір кездері Сәбеңнің үлкен қызы Баян апаймен бірге институтта әріптес болып қызмет атқардық. Баян апайдың: “Біздің үйдегі балалардың ішінде әкеме түрі, келбеті жағынан мен ұқсаймын, ал маған Амангелді ұқсайды”, – деп әзілдеп айтқан сөзі де есімде. Баян апай Амангелдіні ерекше жақсы көретін. Институттың комсомол хатшысы боп жүрген кезімде менен оның оқуын, жағдайын сұрап, анық-қанығын біліп отыратын. Бірге оқыған жігіттер арасында Амангелді туралы сөз қозғалса, бәрінің айтары да, пікірлері де бір жерден шығады. “Жақсы азамат” деседі олар.

Амангелді досым 1999 жылы кенеттен дү-ниеден өтті. Міне, биыл көзі тірі болса, адам өміріндегі бір белес – 55 жасқа толар еді. Амал нешік?! Ізгі жүректі, жаны таза, мейірімді жанды еске алып, “Жаны жәннатта, орны пейіштің төрінде болсын!” – деп, Алладан рақым тілеймін.

Ерлік ЖАНДІЛДИН,

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp