Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиада резервін даярлау орталығы “Қарасай” стадионында орналасқан. Аталған орталықтың директоры Сергей Перминді өз жұмыс бөлмесінде кездестірдім. Ол амандық-саулықтан кейін-ақ орталықтың жай-жапсарын жайлап баяндай бастады.
– Біздің орталықтың құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Алғашында, 2004 жылы қаңтарда “Олимпиадалық даярлық орталығы” деген атаумен әділет органдарында тіркеуден өткен болатын. Ал бір жыл өткеннен кейін “Олимпиадалық резервті даярлау орталығы” мемлекеттік мекемесі болып қайта тіркеуден өтті. Міне, содан бері жүйелі жұмыс істеп келе жатқан жайымыз бар, – деп бастады әңгімесін сұхбаттасым.
– Енді осы орталықты құрудағы негізгі мақсат жайында әңгімелесеңіз.
– Орталықты құрудағы негізгі мақсат халықаралық деңгейде нәтижелер көрсете алатын қабілетті спортшыларды орталықтандырылған жүйеде жыл бойына даярлауды ұйымдастыру екені белгілі. Сонымен бірге орталық спортшыларды іріктеу және даярлау, республикалық олимпиадалық даярлау орталықтары мен ұлттық құрама сапына үміткерлерді өткізу үшін де қажет. Сондай-ақ, орталық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларының өзгермелі құрамымен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тұрақты жұмыс жасайтын өңірлік оқу-жаттығу және спорттық-әдістемелік ұйымы болып табылады.
Алғашында орталықта олимпиадалық спорттың алты түрі: жеңіл атлетика, коньки, шаңғы, велосипед, грек-рим күресі және бокс бойынша спортшылар даярлау белгіленген. Орталықтың алғашқы контингентінің құрамы 34 адамды құрады. Олардың тең жартысы негізгі құрамнан болса, ал қалғандары резервтік құрамнан болатын. Спорт резервтерін даярлау жұмысы оқу-әдістемелік орталықпен, спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатпен және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының қолдауымен облыстың балалар-жасөспірімдер спорт мектептерімен тікелей өзара тығыз байланыста жүргізіледі.
– Ал бүгінде олимпиадалық резервті даярлау орталығында қанша адам жаттығуда және оларды жаттықтыратын бапкерлер жеткілікті ме?
– Қазір орталықта барлығы 80 адам жаттығуда. Олардың біреуі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, сегізі халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, ал 26-сы Қазақстанның спорт шебері атағына ие. Енді спортшылар бұрынғыдай емес, спорттың 14 түрі бойынша жаттығады. Атап айтқанда, олардың арасында жеңіл атлетика, коньки, шаңғы, велосипед, грек-рим күресі, бокс, еркін күрес, жүзу, биатлон, көркем гимнастика, дзюдо, ауыр атлетика, спорттық гимнастика және акробатика сияқты спорт түрлері бар.
Спортшылармен негізінен білікті де білімді, бай тәжірибе жинақтаған, жоғары санаттағы жаттықтырушылар жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, олардың арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы С.Кручина, жоғары санаттағы жаттықтырушылар С.Ямпольский, А.Эктов, А.Суровяткин және бірінші санаттағы бапкерлер И.Ильин, Е.Әлібаев сияқты өз ісінің шынайы шеберлері бар.
– Орталық құрылғаннан бергі он жылдың ішінде саңлақ спортшылар қандай спорттық жоғары атақтарға қол жеткізді?
– Атап айтар болсақ, осы уақыт ішінде бір спортшымызға “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері” жоғары атағы берілді. Ал 13 спортшы “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атанса, 50 спортшымыз “Қазақстан Республикасының спорт шебері” атағына ие. Тағы бір айта кетерлігі сол, орталықтағы барлық спортшылар Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық құрамасының, жастар немесе жасөспірімдер құрама командаларының мүшелері немесе соған үміткерлер болып табылады.
– Енді орталықтың абыройын асырып, беделін биіктеткен спортшылар жайында айтсаңыз?
– Орталықтың жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылары жайлы ауыз толтырып мақтанышпен айтуға болады. Сондай саңлақтардың бірі жеңіл атлетші Елена Парфенова – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол Азия және ел біріншіліктерінің және спартакиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болған. Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Роман Мелешин туралы да толғана әңгімелеген жөн. Айтулы балуан – ХХIХ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, бағын сынаған тәжірибелі спортшы. Конькиші, ХХ қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы Наталья Рыпакованың да қол жеткізген көрсеткіштері көңіл қуантарлықтай. Жерлесіміз байрақты додаларда 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарда Қазақстан Республикасының рекордын орнатқан.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жеңіл атлетші Ирина Эктова жайлы да жылы лебіз білдіру керек. Ирина – Азия және Қазақстан Республикасының біріншіліктерінде топ жарған саңлақ спортшы. Тағы бір жерлесіміз, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Евгений Эктов те ерекше атауға тұрарлық тұлға. Оның спортта жеткен жетістіктері солтүстікқазақстандық жеткіншектерге үлгі. Жұртшылыққа ерекше танымал Маргарита Мұқашева да – біздің қарамағымызда жаттығып жүрген өреніміздің бірі. Желаяқтың ұзын сонар жетістіктерінің ішінен Қазан қаласында өткен ХХVII Бүкілдүниежүзілік жазғы Универсиададағы жеңісін айтпасқа болмайды. Конькишілер туралы сөз қозғала қалса, Роман Кречтің есімі алдымен аталады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 500 және 1000 метр қашықтықтарда Қазақстанның рекордшысы.
Жеңіл атлетиканың тағы бір жеңімпазы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Юрченко. Велосипед спортынан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Алексей Луценконың есімі атағы алысқа кеткен дүлдүлдер қатарында аталады. Өйткені, ол – 2012 жылғы әлем жеңімпазы, сол жылғы әлем Кубогы кезеңінің қола жүлдегері. Жас балуан Ақан Баймағанбетовтың алған асулары да аз емес. Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2010 жылы Сингапурде өткен жастар Олимпиадасының қола жүлдегері атағына ие.
Қарап отырсақ, спортшыларымыздың алған асулары көп. Өздерінің жеңістерімен өңірдің ғана емес, сонымен қатар барша Қазақстан елінің атағын шығаруда.
Әңгімелескен
Әскер ӘБІЛҚАЙЫР,
облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасының
баспасөз хатшысы.