“Солтүстік Қазақстан облыстық рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің, гуманитарлық-экономикалық колледждің және “Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері облыстық кәсіпкерлік палатасына мамандарды сертификаттау орталығын ашуды ұсынды. Еліміз бойынша мұндай сертификаттау орталықтары екі өңірде сәтті жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Белгілі болғандай, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандарды сертификаттау орталықтарының реестрін жасаса, мамандар реестрін өңірлік кәсіпкерлер палаталары әзірлейді екен. Егер ұсыныс қабылданса, біздің өңірімізде біліктілікті растайтын құжатқа алғашқылардың бірі болып тігін өндірісі, шаштараз, қонақүй, мейрамхана және етік тігу ісінде еңбек етіп жүргендер қол жеткізуі мүмкін. Сондай-ақ, машина жасау, құрылыс және коммуналдық, ауыл шаруашылығы, ветеринария, экология және энергетика салалары мамандарын қамту да жоспарда бар.
“Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алексей Эгоф осындай орталықтарды ашу арқылы комбинатта білім алатын дамуында ауытқушылығы бар жандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделгенін айтты. Себебі, комбинаттың көптеген түлектері тігін цехтарында етікші болып жақсы жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.