«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРТАСЫНА СЫЙЛЫ ЖАН

Михаил Юрковпен мен өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері таныспын. Әскери міндетін Балтық теңізінде атқарған Михаил Степанович елге старшина шенімен оралды. Ол сол кездің өзінде жоғары адамгершілік қасиетімен, ұйымдастыру қабілетімен ортасына сыйлы болатын. Бүгінде жаны жайсаң замандасым 70 жастың төріне шығып отыр.

Оның туған ауылы – Ильинкаға (қазіргі Есіл ауданы) ата-бабасы сонау Столыпин реформасы жүргізілген жылдары көшіп келіпті. Михаилдан басқа отбасында төрт бала өскен. Анасы Анна Васильевна “Сталин” атындағы кеңшарда көкөніс өсірумен айналысып, кейін балабақша меңгерушісі болып ұзақ жыл қызмет атқарған. Әкесі Степан Ефимович – солдат өмірінің біраз қиыншылықтарын көрген жан. Оның өмірі азамат соғысы мен Екінші дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келеді. Еңбекқор, адамгершілігі мол әкеден балаларына да сондай қасиеттер дарыған. Михаил Степанович кеңес заманының өмір салтына сүйене отырып ержетті. Ол жеті жастан бастап қойшының таяғын қолына алған. Баубақша шаруасымен айналысқан комсомол-жастар бригадасының бригадирі болған. “Біз сол кезде отбасына әжептәуір табыс әкелетінбіз. Мектепке қажетті киім-кешектер мен құрал-жабдықтарды өз қаржымызға сатып алатынбыз”, – дейді ол өткенді еске алып.  

Әскер қатарында техниканың тілін жақсы меңгерген оны туған ауылына деген ерекше сүйіспеншілік жіпсіз байламаса, арман қуып, алысқа ұзап кетер ме еді, кім білсін?! Осы өңірде ол өзінің адал жары – Галинамен отау тікті. Олар екі қызды бой жеткізіп, бүгінде төрт жиеннің ортасында бақытты ата-әже болып отыр.  

Михаил Юрков еңбек жолын кеңшардың дене шынықтыру және спорт саласынан бастады. Сондай-ақ, партияның жолдамасымен техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер де болып еңбек еткен. Есейген сайын жұмысқа деген жауапкершілігі артқан Михаил Степанович аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, “Мереке” кеңшарының директоры қызметтерінде де абырой биігінен көріне білді. Бірнеше рет аудандық және облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды.

Ол Мамлют ауданын басқарған жылдарды жиі есіне алады. Бұл заманның аса бір ауыр тұсы болатын. 90-шы жылдардағы экономикалық және әлеуметтік қиындықтар талайдың есінде қалғаны сөзсіз. Сол кездері Михаил Степанович замандастарына: “Адам үшін шешімін таппайтын мәселе жоқ”, – деген ойын айтудан шаршамайтын.

Бүгіннің өзінде ол қарттықты мойындайтын жан емес. Михаил Степанович 14 жыл бойы өзі “Родина” деген атау берген шаруа қожалығын басқарады. Еңбекпен өзін жасартқан жан әлі күнге дейін ешқандай қиындыққа мойынсұнбай, өмір сүрген ортасына сыйлы болу қасиетін жоғалтпай келеді.

Валерий МАСЛОВ,

комсомол ардагерлерінің

облыстық кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp