Облыс әкімдігінде өңіріміздің мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен жуырда ашылған “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің қызметін үйлестіру және бірлесіп жұмыс істеу мәселелерін талқылауға арналған кездесу өтті.
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жобалық кеңсе міндеттеріне тоқтала отырып, олар алдымен мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін күшейтуді талап ететінін айтты.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко тұрғындардың сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген соңғы әлеуметтік зерттеулер нәтижелеріне тоқталып, өңірімізде “бармақ басты, көз қыстылық” әрекеттеріне теріс көзқарас танытушылар саны 8,8 пайызға артқанын айтты. Ал жалпы бұл мәселеге алаңдаушылық білдірушілердің үлесі 69 пайызды құрайды екен.
– Облысымыз бойынша сыбайлас жемқорлықтың деңгейіне қатысты келтірілген деректер республикалық орташа көрсеткішпен шамалас, барлық мемлекеттік органдардың міндеті бұл көрсеткіштерді барынша азайту бағытында жұмыстар жүргізу болып табылады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, жолын кесуге әрбір мемлекеттік қызметші өз үлесін қосуы тиіс, – деді Елена Степаненко.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа форматы ретінде іске қосылған “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасын кешенді түрде жүзеге асыру үшін оған мемлекеттік қызметшілермен қатар кәсіпкерлер мен азаматтық сектор және БАҚ өкілдерін тарту көзделіп отыр. Жобалық кеңсе жұмысы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағыттарын қамтиды. Кеңсе жетекшісі Руслан Жұмағұлов, әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары салаларында заңсыздықтарға жол берілмеуін ұдайы назарда ұстауға тырысатындықтарын айтты. “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауын жүзеге асыру аясында ашылған болатын. Мұндай жобалық кеңсе еліміздің барлық аймақтарында іске қосылды. Мадияр Қожахмет ведомство басшыларының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына белсенді түрде атсалысатындықтарына сенім білдірді.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.