Халықаралық отбасы күніне орай “Отбасы тәрбиесі – өскелең ұрпақтың азаматтығын тәрбиелеудің негізі” тақырыбында өткен жалпыреспубликалық ата-аналар жиналысынан Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған гимназия-интернат та тыс қалмады.
Бүгінде білім ордасында тәрбиеленетін 500-ге жуық оқушының 200-ден астамы интернатта тұрады. Педагогтардың ойынша, бала тәрбиелеуде ата-ана мен ұстаз тығыз байланыс орнатуы тиіс. Ата-аналардың дені жұмысбасты. Сондықтан бұл күні ұл-қыздарының болашағына алаңдаған ата-аналар ұстаздармен кеңесіп, толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Жалпыреспубликалық шараға дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” интернат-лицейінің педагогикалық ұжымы мен ата-аналары да қатысты.
– Жиналыстың басты мақсаты – бала тәрбиелеу мәселесіне ата-аналарды жұмылдыру. Өйткені, бұл жағдай оқушының білімін арттыруға, тұлға болып қалыптасуына, қоғамға араласуына тікелей әсер етеді. Біздің мектепте дарынды балалар білім алғандықтан, олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге тиіспіз, – деді мектеп директорының орынбасары Наталья Килоева.
“Қызылжар-Ақпарат”.