Елордамыз – Астана қаласында Мемлекет басшысының төрағалығымен “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс XVII съезі болып өтті. Съезге екі мыңнан астам адам қатысты. Іс-шара барысында “Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық” сайлауалды бағдарламасы қабылданды, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітіліп, партияның Саяси кеңесі құрамына өзгеріс енгізілді. Кең ауқымды шарада Елбасы мемлекетімізді әрі қарай дамытудың жүйелі жоспарына тоқталып, алдағы бесжылдық кезеңге арналған жаңа сайлауалды бағдарламаның өзегі – Ұлт жоспары екенін қадап айтты.
“Мен партияның барлық филиалдары мен ұйымдарының сайлауға дайындық жұмысын белсене жүргізіп, жеңіске жетулеріне тілектестік білдіремін. Сайлауалды бағдарламамызды әрбір сайлаушыға жеткізу керек. Біздің ортақ мүддеміз – тұрақты, біртұтас және өсіп-өркендеген Қазақстан,” – деді Мемлекет басшысы съезде сөйлеген сөзінде. Елбасының әр сөзі жүрекке жылылық ұялатып, алдағы күнге деген сенімді шыңдай түсті. Қашанда халқының жағдайын ойлап, жарқын болашақ үшін қарышты қадаммен алға басып келе жатқан Елбасымыз жаңа сайлауалды бағдарламаға қатысты бірқатар нақты міндеттер қойды. Басты мақсат – осындай қиын кезеңде Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында жұмылып жұмыс істеп, бар күш-жігерімізді ел игілігіне жұмсау.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу бұл – уақыт талабынан туындап отырған оңтайлы шешім. Олай болса, дәл осындай сын сағатта Елбасының саясатын қолдап, баршамыз сайлауға белсене қатыссақ, бірлігіміз одан сайын нығая түсетініне кәміл сенемін.
Айман СҮЛЕЙМЕНОВА,
Петропавл темір жол көлігі колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.