Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Ставрополье ауылындағы орта мектептің жанынан құрылған “Орфей” би үйірмесі мың бұралған қабілетті оқушылардан құралған. Олар жыл сайын өткізілетін аудандық көркемөнерпаздар сайыстарына қатысып, биік белестерден көрініп жүр. Әрбір мемлекеттік мереке сайын сахнаның сәніне айналатын бишілердің өнерлерін ауыл тұрғындары қызыға тамашалайды. Олардың репертуарында халқымыздың ұлттық құндылықтарын көрсететін “Қамажай”, “Қара жорға” билерімен қатар, орыс, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан халықтарының да төл туындылары бар. Үйірме жетекшісі Виктория Рогова екі жылдың ішінде оқушыларға 40-тан астам би үйретті. Бидің әдіс-тәсілдерін үйретіп қана қоймай, шығу тарихын, ел өміріндегі алатын орнын да ұқыптылықпен түсіндіріп, болашақ кәсіпқой бишілердің санасына сіңіріп келеді.
Би тобы құрылғалы 160-тан астам сахналық костюмдер тігілді. “Орфей” би тобы үстіміздегі жылдың сәуір айында облыстық “Каблучок” хореографиялық би сайысына қатысып, бірінші орынды иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген бишілердің ырғақты қимылдарымен қатар, киім үлгілері де қазылар алқасы тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
Айша ҚҰДАРБЕКОВА.
Ғабит Мүсірепов
атындағы аудан.