«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНБАСАРЫ ПАРА АЛҒАН БАСШЫ ЖҰМЫСТАН КЕТТІ

Елімізде саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын басшыларға тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда басшыларына тәртіптік жауапкершілік қарастырылғаны белгілі. Жаңа талаптың өңірімізде қалай жүзеге асырылып жатқаны жайында онлайн үлгіде өткен баспасөз мәслихатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин баяндады.

Өңірімізде кәсіпорындардың бірінде анықталған заң бұзушылық фактісі бойынша шара қолданбағаны үшін пара алған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бас маманы 2,6 млн. теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал оның тікелей басшысы мен кадр бөлімінің жетекшісіне қатаң сөгіс жарияланды.

Осындай заңсыздық облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында да орын алған. Аталған басқарма басшысының орынбасары кәсіпкерден автокөлік жолдарына қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алуға қолдау жасағаны үшін пара алған. Оңай жолмен пайда таппақ болған ол сот үкімімен 4,5 млн. теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеліп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

– Заңда басшылардың өздеріне бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық жасауының алдын алу бойынша міндеттері тасқа таңба басқандай жазылған. Бұл міндетті орындамаған басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы өз еркімен өтініш жазып, қызметінен кетті, – деді Ернар Баянғазин.

Сондай-ақ, спикердің айтуынша, сыбайлас жемқорлық қылмысын саяси мемлекеттік қызметшілерге тікелей бағынышты адамдар жасаса, онда олар “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңның жаңа редакциясына сәйкес өз еріктерімен атқарып отырған қызметінен кетуге өтініш беруі тиіс. Ал отставканы қабылдау немесе қабылдамау саяси қызметшіні лауазымға тағайындаған адамның еркі болып табылады. Бірақ мұндай факті өңірімізде әлі тіркелмепті.

Баспасөз мәслихаты барысында Ернар Баянғазин алдын алу шараларына қарамастан еліміз бойынша бюджет қаражатын ұрлау, парақорлық, медициналық тауарлар мен азық-түлікке қатысты алыпсатарлық әлі де тыйылмай тұрғанын айтты. Ол егер өңірімізде осындай заңсыздықтар орын алып жатса, 1424 жедел желісіне немесе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің электронды мекенжайларына хабарлауға болатынын ескертті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp