Тәртіптік кеңестің Әділбек Мұқашевтың төрағалығымен өткен кезекті отырысында 2 тәртіптік іс қаралып, заңға томпақ келетін әрекетке барған 1 басшыны қызметінен босату туралы ұсыныс қабылданды.
Ол – Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Дайыров. Бұған дейін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалап, тәртіптік жазаға тартылған басшы тағы да сүрініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбестен, «Норд Жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қысқы жолдарды күтіп ұстау жөнінде 4 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасыпты. «Желтоқсан айында жолдарды қар алып, жұртшылық шу көтеріп жатқандықтан, әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында осындай қадамға бардым», – деп ақталды Самат Маратұлы. Ал «Конкурсты уақытында неге өткізбедіңіз? Дербес мемлекеттік мекеме басшысы емессіз бе?» – деген орынды сауалға ол: «Бізде дербестік деген сөз жүзінде ғана. Әйтпесе, бәрін жоғары тұрған басшылар шешеді. Аудан әкімінің біздің салаға жетекшілік жасайтын орынбасарына қазан айында барып, конкурс өткізу қажеттігі туралы айтқанмын. Бірақ ол: «Күте тұр», – деген соң текке уақыт өткізіп алдым», – деп ағынан жарылды. Сөйтіп, орынбасарға жалтақтап, дербес шешім қабылдауға батылы жетпеген мемлекеттік мекеме басшысы опық жейтін болды – оны сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін қызметінен босату туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Тәртіптік кеңесте, сондай-ақ, Петропавл қаласы прокурорының облыстық филармония басшысына қатысты ұсынымы қаралып, ол қалалық мәслихаттың депутаты болып табылатындықтан, прокуратура материалын өкілетті орган мен қалалық сайлау комиссиясына жолдау ұйғарылды. Өйткені, қолданыстағы заңнама бойынша мәслихаттар депутаттарына байланысты тәртіптік істерді Тәртіптік кеңесте қарауға болмайды.
(Өз тілшіміз).