«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында медицина саласын кәсіпкерлікке бейімдеу туралы айтылған. Бұл ретте біздің өңірде де тындырылып жатқан істер аз емес. Мысалы, кәсіпкер Светлана Ацина былтыр күзде “НевроКазМед” орталығын ашты. Онда эпилепсия, аутизм, гипербелсенділік, бала тілінің шықпауы, ұйқының бұзылуы сияқты көптеген неврологиялық ауруларды зерттеу, емдеу, бақылау жүзеге асырылады.

– Неврологиялық және эпилептологиялық аурулардың зерттеу орталығын ашуды көптен ойлап жүруші едім. Бірақ әртүрлі себептер жолымды бөгеп, діттеген ойымды жүзеге асыра алмадым. Бюрократтық кедергілер үлкен қолбайлау жасады. Кәсіпкерлікке қадам басқан кезде көздегенім де осы мақсат еді. Қаржы көзі болса көптеген ойларды жүзеге асыруға болады. Соның сәті түсті, – дейді Светлана Владимировна.

Бұрынғы Целиноград медициналық институтының түлегі Светлана Ацина – денсаулық сақтау саласында 20 жылдан артық еңбек өтілі бар маман. 1994 жылы еңбек жолын балалар неврологы болып бастаған. Бүгінде ол – өңірімізде неврология және эпилепсия ауруларын жақсы білетін саусақпен санарлық мамандардың бірі.

Кәсіпкер үстіміздегі жылдың сәуір айында электроэнцефалограмма бойынша сараптама жасайтын кабинетті іске қосты. Бұл – адам миының биоэлектр белсенділігін дәлме-дәл анықтайтын құрал.

– 2003 жылы Мәскеуге кәсіби біліктілікті арттыру курсына барғанымда ондағы әріптестерім эпилепсияның белгілерін анықтайтын қозғалмалы аппаратпен жұмыс істеп, науқастардың үйіне барып, тексерулер жүргізіп, дәлме-дәл анықтама беретін зертханаларының жұмысымен таныстырған болатын. Сонда мен өңірімізде осындай мүмкіндік болса деп армандайтын едім. Кейін облыстық балалар ауруханасында пароксизмальды кабинет ашылды. Бүгінгі техникалық даму үдерісі медицинаның мүмкіндік көкжиегін кеңейтіп келеді. Сондағы құрылғы бүгінде ескірген. Біздің сатып алған “Энцефалан-ЭЭГ-Видео” құрылғысы технологияның соңғы жетістігі, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер бұл құралға қол жеткізу үшін үлкен қиындықты бастан өткергенін жасырмайды. “НевроКазМед” ЖШС аталмыш заманауи құрылғыны Ресейдің Таганрог қаласынан алдырған. Қымбат құрылғыға тапсырыс беріп, жарты құнын төлеп, күтіп жүрген кезде ұлттық валюта құнсызданып, ол тығырыққа тіреледі. Светлана Ацина осындай қиын-қыстау кезінде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттен қолдау тапқанына разы. Ол бағдарламаның банк алдындағы кепілдік тетігін бір пайдаланса, несиенің жылдық үстемақы мөлшерін 14-тен 7 пайызға дейін қысқартып, тағы бір несібесін көрді.

Орталық неврологиялық аурулардың көптеген түрлерін емдейді. Электроэнцефалограмма бойынша зертханалық жұмыс жүргізуді қолға алғаннан бері келушілердің қатары қалыңдай түскен. “Эпилепсия ауруынан құлантаза айығып кететіндер бар. Сондай-ақ, оның созылмалы түрі де көп кездеседі. Кейбір емделушілер берілген дәрі-дәрмектерін уақтылы ішіп тұруға немесе белгіленген тексерулерден өтуге салғырт қарайды. Ауруы ұстап, дерті өршіген кезде келеді”, – дейді білікті маман.

“НевроКазМед” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі медициналық қызмет көрсететін ғимаратын жалға алып отыр. Бұл жайт кәсіпкерге бірқатар қолайсыздықтар тудыратыны сөзсіз. “Біріншіден, жалға алынған ғимараттың төлемі қалтаңды қағады. Екіншіден, бір орында тұрақтамау үйреніп қалған тұтынушыларымызға жайсыздық тудырады. Осы мәселені шешіп алсақ, қызметімізді кеңейтуге, түрлендіруге, жаңартып отыруға мүмкіндік ұлғаяр еді”, – дейді орталық басшысы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp