«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Орындары ойсырап тұр

1926 жылы дүниеге келген марқұм әкем Есләмбек Рамазанұлының тіршілігінде көрген қиыншылығы көп болды. Ерте жесір қалған, анасы – Әпәти бес баланы “қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай” өсірді.

Ата-анамыз жас кездерінде ұжымшарда бірге жұмыс істеді. Пресноредуть машина-трактор стан­циясында трактор айдады. Мен 1958 жылы дүниеге кел­генмін. Сол жылы әкем Октябрь ауылына басқарма басшысы болып тағайындалған екен. “Ер туған жеріне” демекші, ол ауылдың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін сарқа жұмсады. Жердің де, елдің де иесі екенін сезініп, Октябрьде бірнеше тұрғын үй, мектеп, клубтың бой көтеруіне атсалысты. Монша мен мал қораларын, бидай сақтайтын қойма, Октябрьден Майбалық ауылына дейін жол салдырды. Еліне сіңірген осы еңбегі үшін ол бірнеше медальмен, “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталды.

Марқұм әкем қатал кісі болса да, ел, жер дегенде жаны бөлек еді. Сондықтан ол елдің ертеңі үшін аянып қалмады. Қазаққа ғана емес, өзге этнос өкілдеріне де қамқорлық танытты. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамның өмір жолы бірде тар, бірде тайғақ емес пе? Әкем қандай қиындықты көрсе де, ешқашан мойымады. Ол үшін елдің берекесі мен бірлігінен асқан құндылық жоқ еді. Сондықтан жар­қын өмір үшін қиындыққа шыңдалып, маңдай терін төкті.

Ауылда жұмыс күші жетіспеген соң, әр жерден екі қолға бір күрек іздеп келгендер болды. Соның ішінде Петропавл қаласындағы Ленин, Киров зауыттарынан қара жұмысшылар, Украина, Молдавиядан келген студенттер мен сарбаздар да болды. Мінезсіз адам жоқ. Біреу жуас, біреу кірпияз, біреу байсалды дегендей әрқайсысымен тіл табыса жұмыс істеу оңай шаруа емес. Бір адам жұмысқа шықпай қалса, үйіне барып мән-жайды білетін. Енді бірінің үйінде ішерге ас болмаса, “біздің үйге барып, шешеңнен ал” дейтін. Шеше дейтін себебі, ауылдағы жастар ата-анамыздың атын атамайтын. Әкемді – әке, анамды – шеше деп ізеттілік танытып, құрметтейтін. Анам – Ұлбосын Иманқызы да үйге келгенді құр қол қайтармайтын. Біреуге қабақ шытқанын көрген емеспін. Жүрегі кең даладай, мейірімді адам еді. Өкінішке қарай, дүниеден ерте өтті. Бірақ алтын құрсақты анамыз он баланы дүниеге әкеліп өсірді. Осындай жаны жайсаң жандардың ұл-қызы болғанымызды мақтан етеміз.

Еңбектің жарқын үлгісін көрсеткен әкемнің табандылығы мен қайраты, еңбекқорлығына әлі күнге дейін қайран қаламын. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында зейнетке шыққан әкем үйде қол қусырып отыруды жөн көрмеді. Ырыздық-несібені жерден жиған халықпыз ғой. Бабаларымыздан қалған осы дәстүрді жалғастырған әкем – Жер-Ананы баптап, егін екті. Егде жасқа келсе де, жеке шаруашылықпен айналысып, жылқы, ірі қара, сауын сиыр мен отар-отар қой-ешкі бақты. Бала үшін ата-ананың орны бөлек қой. Қанша жасқа келсек те, келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанған ата-анамызды сағынышпен еске аламыз. Бүгінде олардың орындары ойсырап тұр. Алайда әке-шешеміздің айтқан сөздері, берген тәлім-тәрбиесі ешқашан ұмытылмайды.

Шолпан ЕСЛӘМБЕКҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp