«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ОҢЫНАН ШЕШІЛЕДІ

Кеше “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров қоғамдық қабылдау өткізіп, қолдау іздеп келген азаматтардың бір тобымен әңгімелесті.

Жамбыл ауданындағы Баян ауылынан келген Ұлы Отан соғысының ардагері Қазихан Бегалин өңір басшысына облыс орталығынан тұрмысқа жайлы баспана болса деген өтінішін жеткізді. Алдымен тиісті құжаттарды жинау қажеттігін айтқан партия филиалының төрағасы аталмыш мәселе жауапты органдармен ақылдаса отырып шешілетіндігін мәлімдеді.

“Ардос-Жүрек” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ақжан Кәрім мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеуге және оңалтуға арналған орталық ашуға қолдау сұрады. Мұндай орталықтың әзірге ел аумағында жоқ екенін тілге тиек еткен жас арнайы кешен мүгедектердің жұмыс істеп, қызмет көрсетуіне, білім алуына және оңалуына үлкен сеп боларын айтты. Бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында болмақ.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылған уақыттан бастап бұрынғы жекеменшік қорларда жұмыс істеген қызметкерлерге бірден жұмыс табу оңайға түспеген болса, соңғы болып таратылған “Халық банкі” зейнетақы қоры филиалының 11 қызметкері бүгінгі күнге дейін жұмыссыз отыр. Қабылдауда оларды мүмкіндігінше жұмысқа орналастыру амалдары талқыланды.

Ал Қызылжар ауданының Архангельское ауылындағы “Қарлығаш” шағын орталығының шаруашылық меңгерушісі Галина Ким ауылдастарының өтінішін ортаға салды. Оның айтуынша, “ЭРОАГРО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 283 ауыл тұрғынының жерлерін қайтарудан бас тартып отыр. Серіктестік басшысы ауылдың жағдайын жақсарту ісіне де үлесін қоспайтын көрінеді. Ал өздеріне әрдайым қолдау көрсететін “Таукел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жер үлестерін беру мүмкін болмай отыр. Самат Сапарбекұлы аталмыш мәселе заң тұрғысынан ғана шешілетінін айтты.

Қабылдауда тұрғын үйге қатысты мәселелер де көтерілді. Петропавл қалалық тұрғын үй комиссиясының шешімімен келіспейтінін айтқан облыс орталығының тұрғыны Күләй Жұмабаева мен саяжайда тұрып жатқан жалғызбасты көпбалалы ана Аққу Байділдина пәтерге зәру. Оларды толғандырған мәселелер толық зерттелген соң жауабы беріледі.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp