«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫС ӘДЕБИЕТІНІҢ ОРНЫНА ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІН НЕГЕ ОҚЫТПАЙДЫ?

Ұлттың айнасы – әдебиет. Әр халықтың мінезі, тарихи жады, ұжымдық санасы, мәдениеті мен дүниетанымы төл әдебиеті арқылы көрінеді. Соған сай жас оқырман қай елдің әдебиетін оқыса, сол ұлтқа тән құндылықтар мен көзқарастарды бойға сіңіреді. Бүгінгідей әңгіменің бәрі әлеуметтік желіде айтылатын, салмақты ойдың орнын майы жоқ сорпадай сылдыр сөз басқан қоғамда адам бойында құндылықтар жүйесінің дұрыс қалыптастыруға әсер ететін бірден-бір жол – кітап қана.

Адамның кітап оқуға деген құштарлығы, талғам-талабы, эс­тетикалық сұранысы мектеп партасынан қалыптасатыны мәлім. Осы кезеңде мұғалімдер жас талдың бойын түзегендей оқушыны дұрыс бағытқа бастап, жол көрсете алса, онысы балаға ғұмыр бойы азық болады. Өкінішке қарай, кішкентайынан кі­тап әлемінің есігін қағуға қолы жетпей, санаулы ғұмырын босқа сарп ететіндер көп. Сондықтан жастайынан баланың жүрегін­дегі бұлақтың көзін ашып, әде­биет әлемінің табалдырығын ат­тауға қолдау көрсеткен жөн.

Кітап оқу туралы сөз болған­да алғашқы назар мектеп мұ­ғалімдеріне ауатыны белгілі. Негізгі салмақ қазақ әдебиеті мұғалімдеріне түседі. Алайда орыс әдебиетін оқытатын педа­гогтардың да ұрпақ тәрбиесін­дегі орны ерекше. Бұрын білім ордаларында орыс тілі мен әде­биеті жеке-жеке пән ретінде оқытылып келсе, соңғы өзгеріс­терге сай орыс мектептерінде қа­зақ тілі мен әдебиеті, қазақ мек­тептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәндері біріктірілген. Балалар бір пәннің аясында әрі тіл білімі­нен білімдерін жетілдіріп, әрі көркем шығарманы талдап үйре­нулері тиіс. Алайда соңғы кезде бұған қарсы шығушылар пайда болып, олар қазақ баласы үшін орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқыған әлдеқайда пайдалы екенін айтып жүр. Белгілі қаламгерлер, білім беру саласының қызметкерлері мен депутаттардың аталған мәселені көтеріп жүргендеріне көп болды.

Орыс әдебиетінің әлемдік мәдениеттегі орны ерекше екені дау тудырмасы анық. Жаһандық деңгейде Пушкин, Толстой, Лермонтов, Чеховтармен иық тірестіретіндер көп емес. Алайда бастауын сонау Гомерден ала­тын әлемдік әдебиеттің алыпта­рын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан бұл жа­ғынан келгенде нақты шешім айту оңай емес.

«Менің ойымша, музыка, өнер, әдебиетте тіл мен шекара жоқ. Әдебиет – барша адамзат­тың ортақ қазынасы. Шыңғыс Айтматовтың жазған мәңгүртін («Боранды бекет» романы) Әбіш Кекілбаевтың шығармасынан да көруге болады. Мұхтар Әуе­зовтің «Көксерегіндегі» қасқыр­дың күйін Джек Лондон да су­реттеген. Шығарманың жазыл­ған тілі бөлек болғанымен ішкі ойы, көтерген мәселесі бәрімізге ортақ. Бірде кішкентай балам орыс досымен «кімнің құдайы күштірек» деген тақырыпта дау­ласып қалыпты. Әдебиетті ұлтқа бөлу де осыған ұқсас талас туды­рады. Арамыздағы мәдени ерек­шеліктер, сенім мен тілді алып тастасақ айтарлықтай айырма­шылық жоқ», – дейді қалалық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша әдіс­кері Гауһар Темірбаева.

Расында да Абай, Мағжан сынды ұлт ақындарының өзі орыс әдебиетінен үлгі алып, қазақ өлеңін жаңа деңгейге көтергені жасырын емес. Оған қоса, орыс әдебиеті деген ұғымның ішіне сол тілде шығарма жазған Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Герольд Бельгер, Иван Шухов сын­ды қаламгерлердің де енетінін ес­тен шығармаған жөн.

«Атамұра» баспасынан жа­рық көрген 9-сыныпқа арналған орыс тілі мен әдебиеті оқулы­ғында В.Распутин, К.Паустовский, М.Горький, М.Лермонтов, Е.Евтушенко шығармаларымен қатар әдем әдебиетінен У.Шекс­пир, Р.Брэдберидің, қазақ әде­биетінен Абай, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаха­нов туындыларының аудармала­ры берілген. 10-сыныптың оқу­лығына да орыс әдебиетінен тыс бірнеше автор енгізілген.

Ал әлем әдебиетін оқытуға қарсы шығушылар қазақ тілінде сапалы аудармалар әлі де аз де­ген пікірді желеу етіп келеді. Бүгінде әлем халқы жаңа кезеңге аяқ басты. Көрінбейтін шекара­лар алынып, халық арасындағы байланыс нығая түсті. Сондық­тан баланың танымын тек орыс тіліндегі әдебиетпен шектеп қоюға да болмас. Бұдан бөлек, оқушыларға солтүстік көршіміздің қаламгерлерін басқа тілде оқытқаннан гөрі, әлем әдебиетінің бір тармағы ретінде ана тілімізде санасына сіңірген әл­деқайда тиімді болуы мүмкін. Бұл жағынан алғанда кешегі ке­ңестік көзқарас пен ескі ұста­нымдардан арыла алмай отырға­нымыз жасырын емес. Қазіргі саяси ахуалдың әсерін де жоққа шығара алмаймыз.

Жаңа ғасырда әдебиеттану ғылымы жаңаша парадигма ая­сында дами бастады. Бұрын дәріптеліп келген авторлар кө­леңкеде қалып, көркем әдебиет­ке деген жаңаша талап қалып­тасты. Мәтін, автор, көркемдік ұғымдар қайта қаралып, тың тұ­жырымдар айтыла бастады. Бес­көл мектеп-колледжінің мұ­ғалімі Арман Аюпова да орыс әдебиетіне қатысты қалыптас­қан көзқарасымызды қайта қа­райтын уақыт жетті деп санайды.

«Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін батыс елдері отаршыл­дық дәуірдің өткенін мойындап, бұрын бодан болған халықтар бостандық ала бастады. Гумани­тарлық ғылым мен әдебиеттегі осыған қатысты бұрынғы ұста­нымдар өзгерді. Алайда посткеңестік елдерде бұл тақырып әлі терең зерттелген жоқ. Орыс қа­ламгерлері өздерінің қол астындағы халықтарға кіші ұлт, есебін­де қарады. Олар үшін славян еместер кейінгі сатыда қалып қойған. Шығармаларында пат­шалық Ресейдің саны аз халық­тарға қатысты аяусыз саясаты бүкпесіз баяндалады. Батыс зерттеушілері әлдеқашан Пуш­кин мен Лермонтов сияқты ақын-жазушылардың империя­шыл көзқарастағы авторлар екенін дәлелдеп тастады. Бізге де орыс әдебиетін асыра бағалап, «аға тұтуды» қойған жөн», – дейді мектеп мұғалімі.

Әлем әдебиетін оқытуға қа­тысты бейінді министрлік нақты шешімге келген жоқ. Тек былтыр бұл вариативті пән ретінде енгізілетіні туралы айтылды. Вариа­тивтік пәнді оқу барлық оқушыға міндетті емес. Елде оның арнайы бағдарламасы мен оқулығы да жоқ. Әзірге әлемдік авторларды оқытқысы келген мұғалімдерге оқушы жинап, өз бетінше бағдарлама құрастыруға тура келеді. Қазақ, орыс, әлем әдебиетін қа­тар оқытудың да балаға салмақ салатынын ескерген жөн. Қалай болған күнде де алдағы уақытта таңдау жасап, бір жағына шыға­тынымыз анық.

«Бұл тақырыпты сөз етпестен бұрын оқу мәдениетін қалыптас­тыруымыз керек. Кітап бетін аш­пайтын балаға Булгаковты оқыт­саңыз да, Бальзакты оқытсаңыз да бәрібір. Сондықтан, ең алды­мен, жастардың көркем шығар­маға деген ынтасын оятуымыз керек. Кітапты сүйетін бала өзіне керегін онсыз да тауып оқиды. Ұл-қыздардың көпшілігі қазақ әдебиеті пәніндегі шығармалар­дың өзіне қызықпайды. Әлем әдебиетін енгізгеннен бұл мәсе­ле шешіле салмайды. Егер алды­мен оқуға құмар ұрпақ қалып­тастырып алмасақ, қалған жұ­мыстың бәрі бекер болмақ», – дейді Қызылжар аудандық кітап­ханасының кітапханашысы Бал­зия Қылышбаева.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Коллажды жасаған

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp