1. ЖАНӘБІЛ
Журналистер қауымы жүздеп емес, мыңдап саналса да, олардың бәрі де шиырлауды жақтырмайтын шығармашылықтың тұлғалары болып табылатындықтан, егіз қозылардай бір-біріне ұқсамаса құба-құп. Нақ осы талапты құптайтын өз басым қаламының желі бар әріптестерімнің жазғандарын оқысам, жоңышқасы жұпарын шашқан көк шалғында шалқамнан түсіп жатқандай рахаттанып қаламын.
Еңбек жолын жауапты хатшылықтан бастап, орынбасарлықпен түйіндеген Жанәбіл ағамыз күні-түні қадалып, өзі жазатын көп уақыты болмағанына қарамастан, стилін тапқан тарландардың бірі еді. Оның стиліндегі басты ерекшеліктердің бірі атышулы Ғабиден Мұстафинді елестететіндігі еді: инверсияның игілігін пайдалана білетін. Кез келген сөйлемді етістікпен аяқтауды сөкет деп санайтын майталман журналистің талабы оған да тән болатын.
Өзінің деңгейі діттегендей екендігін білетін Жәкең, жалпақ тілмен айтқанда, тышқаншылаған жоқ: ұсақ-түйек мақала жазған емес. 60-70 жылдары телестудияда түсірілетін небір көлемді қойылымдардың сценарийлерін Жәкең жарықтық жазатын. Олардың сапасы туралы айта алмаймын: кезінде ой елегінен өткізе қойған жоқпын. Есесіне біздің “Ленин туына” шыққан оның аудармаларын өзім тәржімалағандай тәп-тәуір білемін: бәрі де өз қолымнан өткен болатын. Ойып түсіретін тотыяйын сияқты тілі ащы Жәкең, әсіресе, сықақшылардың туындыларын қазақшалауға құмар еді. Мәселен, “Диогеннің кеспегі” деген әңгімені аударғаны есімде. “Бөшке” деген сөздің “кеспек” деген нұсқасы да бар екендігін сол жолы білгізген Жәкең еді.
Кенжеболат Шалабаев нағашымның жақын жолдас-жораларының бірі болғандықтан, бұл кісімен араласып тұрғанымыз да бар. Жәкең өмірде де ешкімге ұқсамайтын азамат еді. Есілге былай түсетін: аяғын ғана батырып, судың жиегіне үлкен тас қойып, оны жастық қылып жататын. Ең бастысы – орынбасарлығына қарамастан, ерекше беделді болды: оның қолынан келмейтін шаруа жоқ сияқты еді. Және де оның осы беделін өзі ғана емес, өзгелер де пайдалана білді.
Әйдік әріптестеріміздің бірі болған Дүйсенбі Әуелбеков 1993 жылы төл газетімізде жарияланған бір мақаласында былай деп жазыпты: “Менің журналистік қызметімде өзіме көп шапағаты тиген асыл ағаларымның бірі Оспанов Жанәбіл еді. Жәкең марқұм туралы бөлек бір кітап жазсаң да, көптік қылмай ма деп ойлаймын. Мен оны ұстаз санаймын. “Ленин туына” алғаш орналасқанымда Жәкең редакцияның жауапты хатшысы екен. Сол кезде біз сияқты әлі сары ауыз қаламгерлерді ол ең алдымен жинақылыққа, тәртіпке, жауапкершілікке үйретті. Бәрімізді де ізденімпаздыққа, білгірлікке, әсіресе, облыс өміріне жан-жақты әрі терең бойлауға баулыды. Меніңше, Жәкеңнің тағлымы онымен істес болған журналистердің қай-қайсысының болса да шығармашылығына игілікті ықпалын тигізді”.
Мен Жәкеңнің өмірбаянын жете білмеуші едім, дес бергенде, тоқсанға жақындап қалған зайыбы – Жұмат жеңгей бұл олқылықтың орнын өзі толтырды. Жәкең қазіргі Аққайың ауданындағы Амангелді ауылында 1922 жылы туыпты. Бұл ауданда қырық жылдай шығып тұрған “Социалистік еңбек” газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарғанында сұрапыл соғыстың бас кезі екен. 1944 жылы облыс орталығына көшіп келіп, “Ленин туы” газеті редакциясының ұжымын толықтырады. Бұл қос Оспанов тоқайласқан тұс: Өмекең – редактор, Жәкең – жауапты хатшы. Кейінірек екеуі Көкшетауда да тізе қосып еңбек етеді.
Журналистің жолы жер қозғалса, қозғалмайтын Жәкеңді талай өңірге апарыпты: тың игеру жылдарында қазіргі Таразда облыстық газеттің жауапты хатшысы болыпты, одан кейін Алматыға ауысып, “Спорт” газетіне басшылық жасапты.
Тоқшылық түтіні шығандай бастаған 60-шы жылдардың жұлдыздары көрінер-көрінбес кезде ол туған топырағына оралды: “Ленин туы” газетінің ұжымына қайтадан қосылды. Сондағы оның еңбегіне Дүйсенбі марқұм жылы лебізін білдіргені бос мақтау емес.
Жәкең облыстық телестудия бастығының орынбасары болып көп жыл еңбек етті. Ғұмырының 43 жылын журналистикаға арнаған ол ауыр сырқатқа ұшыраған соң ғана жұмыстан қол үзді.
Тастан қашалған ескерткіш тәрізді шомбал Жәкеңнің аузынан шыққан тапқыр сөздер әлі де талай адамның есінде. Телестудияның бастығының әйел екендігіне ол былай баға беретін: “Хал қалай?” – десең, “Қатын бастаған көш түзелмейді”, – дейтін. Оның ұжымында Өрнек ауылынан шыққан бір топ адам қызмет істеді. Солардың кемшілігін байқап қалса: “Өңшең Өрнековщина!” – деп ұрсатын. Сонда да оны бір қызметкер жақтырмаған емес.
2. ӨМІРЖАН
“Туған ауыл, кіндік кесіп, кір жуған жер. Алтын бесік. Бесік жыры. Ана әлдиі. Ана мейірімі. Ананың нәрестеге деген махаббаты. Не деген ыстық, не деген махаббатты едің сен! Дүниеде осы бір нәзік сезімдерге не жетсін, шіркін!
Мен Ақмола даласында туыппын. Көбіне таусыз, бел-белессіз кең жазира, жазық сахара”.
1970 жылы біздің “Ленин туы” газетінің 50 жылдығына арналған мерекелік нөмірімізге жазған мақаласын Өміржан Оспанов осылай бастап еді. 1915 жылы өмірге келген ол туған ауылының атауын аталмыш мақаласында атап көрсеткен еді: “Ақ дөң” деп. Оның өмірбаянынан білетінім: Көкшетауда жетіжылдық мектепті бітірген. Содан соң Бурабайда білім алған: сондағы орман техникумының түлегі.
Осы ретте осындағы техникумда ұстаздық етіп жүріп, “Тулаған толқында” атты алғашқы туындысымен жарқ етіп көзге түскен саңлақ суреткер Ғабит Мүсірепов ойыма оралады. Өйткені, оның әдебиет әлеміне қанат қаққанын Өмекең де өнеге тұтқан тәрізді: ол жасыл желектерге жоламастан, бірден журналистикаға бет бұрды деуге болады. Алдымен – қазақ тілінде, сонсоң орыс тілінде шығатын аудандық газеттердің редакцияларында еңбек етіпті. Бір ғажабы – екеуі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай оған бір қызметті ұсыныпты: жауапты хатшы қылыпты.
1980 жылы газетіміздің 60 жылдығын атап өткенімізде “Мың да бір рахмет!” деген мақаласына төрін берген “Ленин туында” ол былай деп жазды: “Шынымды айтайын, Отанымыздың астанасы – Москвада оқып, журналистік жоғары білімім бола тұра, жолдамамен қызметке келгенімде редакция табалдырығын қысылып-қымcына, жүрексіне аттағаным әлі есімде”. Ол “Ленин туы” газетіне әдеби қызметкер болып қабылданғанында халқымыздың сүт бетіндегі қаймағындай болған беткеұстар перзенттерін соғыссыз-ақ су түбіне жіберген 1937 жыл екен. Ал 1943 жылы осы газеттің редакторы болып тағайындалады. Қуғын-сүргінді ұйымдастырғандар нәжісін көміп кететін мысықтар тәрізді артта айғақ қалдырмауға тырысты ғой: тіпті, 1937 жылғы “Ленин туының” тігіндісі де жоқ. Ал соғыс тұсындағы газетіміздің тігінділері мұрағатта сақтаулы: плакат сияқты екі бет болып шығарылыпты. Редакцияның соғыстан кейінгі жағдайынан да хабарым бар: күнде кешкілік шығарылуға тиіс газет ертеңіне күндіз ғана баспаханадан жөнелтіліп жатыпты.
Міне, осының бәрін көрген Өмекеңді өмір өзгерте алмады: ол өзі де, сөзі де биязы, асып-сасуды білмейтін қалпынан айнымапты. Нәтижесінде “Ленин туының” тізгінін он жыл бойы ұстап тұрды.
Әрине, Өмекең көп еңбек сіңірген жері – Көкшетау: ондағы “Көкшетау правдасы” газетінің редакциясына жиырма жылдай басшылық жасады.
“Ат айналып қазығын табар” деген рас қой: ол қалған ғұмырын Қызылжарда өткізді. Әуелі облыстық радиоға жетекшілік жасады, сосын жергілікті телевизия студиясында еңбек етіп, журналистік жолын ұзарта түсті.
Иә, ол екі тілді тел емген майталманның өзі еді: қазақшаға қамшы салдырмайтын Өмекең орысшаның да ұңғыл-шұңғылынан сүрінбейтін. Сондықтан болар, үнемі аудармамен шұғылданып, еңбегінің жемісін де көрді: ол аударған кітаптар жарық көріп жатты. Және де өле-өлгенше осы машығынан жаңылған жоқ: баспалармен шарт жасаспағанына қарамастан, кітап аударудан танбады.
Ол қабағы түксиген адам болғанымен, қалжыңға басуды білетін. “Ленин туының” редакциясына кіріп келгенінде: “Исанбісіз-саумысыз, большевиктер печаті!” – деп амандасудан жаңылмайтын. Ал телестудияның қазақ редакциясына қоңырау шалсам, телефонның түбінде отыратын Өмекең диктор Бүркітті іздеген сұрағыма әдемі әзілімен: “Бүркіт отыра ма? Ұшып анда кетеді, ұшып мында кетеді”,– деп жауап беретін.
Қайран, Өмекең әзіл-оспақ жанрын дамытуға да күш салумен болды: ол күлкі үйіретін бірқақпайларын ақтық демі қалғанша қағазға түсірумен өтті. Жастық шағы өткен жақсы қала – Қызылжардың топырағы оған бұйырды.
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.