«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оспан ӘБДУӘЛИЕВ: “МЕНІҢ БАР НӘРСЕМ – ЧЕМОДАНЫМ, АЛ БАЙЛЫҒЫМ – ОТАНЫМ”

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылында дүниеге келген Оспан Әбдуәлиев әскери қызметіне байланысты Қазақстанның барлық өңірлерінде болды десек, артық айтқандық емес. Қазір ол Петропавл қаласындағы Әскери институтта полковник шенінде қызмет атқарып жүр.

Оспан Әділұлы он баланың сегізіншісі. Балаларының барлығын оқытып-тоқытып, қанаттандырған ардақты әкесінің орындай алмаған жалғыз арманы болыпты. Әкесі Әділ Кеңес одағы кезінде Отан алдындағы борышын Мәскеуде атқарған. Түр десе түрі, бой десе бойы бар, кескін-келбеті келісті, өте алғыр, жалындаған қайсар жігітке басшылары: “Әскери қызметте қал, саған осы лайық”, – деп ұсыныс айтады. Бірақ ауылдан ұзап, ешқайда шықпаған қазақ баласы орысшаға шорқақтығынан қорынып, оның үстіне елдегі әке-шешесінің жағдайын ойлап, қалуға келісім бермеген. Ұлы 7-сыныпты бітірген кезде: “Әскери адам болу арманым еді, бірақ оны орындай алмадым. Енді сен әскери адам бол!” – деген әке тілегі оның бірден көңілінен шығады. Өйткені, өзінің де жүрек қалауы осы болатын.  

– Мен Ресейдің Мурманск қаласында екі жыл әскерде болып, одан келген соң Кеңес кезінде Өзбекстанда тұрған Қазақстанның әскери бөліміне келісімшартпен қызметке орналастым. 1993 жылы Ташкенттегі жоғары әскери училищені тамамдадым”, – дейді Оспан Әбдуәлиев өткенге көз жүгіртіп.

Ол әскери қызметін оқу бітірген жылы Шымкенттегі №5485 әскери бөлімінде бастайды. Еліміздің Ішкі әскерлері 1993-99 жылдар аралығында ТМД елдері басшыларының келісіміне сәйкес тәжік-ауған шекарасының өздеріне тапсырылған бөлігін күзетеді. Шекара күзетіне Қазақстаннан барған жиырма ротаның алтыншысында Оспан Әбдуәлиев взвод командирі болған. Олар тәжік-ауған шекарасына 1994 жылдың қарашасынан 1995 жылдың ақпаны аралығында түседі. “Памир тауында душмандар өтетін бір жол бар, сол жерден ұзындығы екі километрдей учаске бізге бөлінді. Таудың басынан қарап отырамыз. Күндіз жарықта барлығы алақандағыдай көрініп тұрады, түнде дүрбімен бақылаймыз. Таудағы бір жол – Үндістанға, тағы бірі Ауғанстанға кетеді. Тау жақта тікұшақ та ұшады. Міндетіміз – екі шақырым учаскені, жаңағы жолды және әуежайды бақылап, ауған жағынан есірткі, қару-жарақ, тағы басқаларын өткізбеу. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында болған қарулы қақтығыста Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты. Олар менің сарбаздарымды ауыстырған жетінші ротаның жігіттері болатын. Біз жыл сайын олардың ерлігіне тағзым етіп, патриоттық шаралар өткіземіз, сарбаздарды ерлікті қастерлеуге, Отанды сүюге тәрбиелейміз. Бірақ қыршынынан қиылған сарбаздардың арамызда жоқтығы өзегімізді өртейді”, – дейді ол.

Қазақстан бойынша күніне бес мыңға жуық сарбаз елдің тыныштығын қорғайды, патрульге шығады. Түзеу мекемелерін күзетеді. Әрине, әскери өмір болған соң соқтықпалы, соқпақсыз болмайды. Жиырма жылдың ішінде Оспан Әділұлы да әскери өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңған. Әсіресе, Талдықорғанда қызмет атқарып жүрген кезінде Қызылағашта болған табиғи апатты көзімен көріп, Ішкі әскер сарбаздарымен бірге адамдарды құтқаруға барған кезі ұмытылмақ емес. “Түнгі сағат төртте дабылмен көтерілдік. Ол жердегі жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үйлер іргетастарымен бірге қопарылып, алапат судың екпінімен шайылып кеткен. Ағашқа, темірге оралып қалған адамдар, малдар, тасталқан болған көліктер. Бір таңғалатын жағдай, тасқынның тура жолында тұрған қазақтың мешітін су айналып өткен де, оның жанындағы мәдениет ошағының орны да қалмаған. Сондай-ақ, көпірдің екі жағында тұрған қазақ және орыс зираттары да сап-сау. Алланың құдіреті деген осы да. Көрмеген адам сенбейді, өзім соның куәсі болдым”, – дейді Оспан Әділұлы.

“Ат тұяғын тай басар” дегендей, Оспан Әділұлы ертең өзі зейнеткерлікке шыққанда орнын басатын тағы бір Әбдуәлиевті даярлап, Құдай қаласа, биыл мектеп бітіргелі отырған үлкен ұлын Отан қорғаушы болуға үгіттеп жүр.

“Білмеген адамға әскери өмір бірқалыпты, сүреңсіз көрінеді. Бірақ өмір қызық, әскери өмір одан да қызық. Өзім сарбаз болдым, Кеңес одағы кезіндегі офицерлердің өмірін көріп, соларға еліктедім. Біздің қызмет таңғы сағат 6-дан басталып, кешкі 11-12-лерде бітеді. Кейде түнгі шырт ұйқыңды бұзып, дабылмен тұрасың. Адамды осының өзі құрыштай қайсарлыққа үйретеді”, – деген Оспан Әділұлы соңғы кезде қазақ жігіттерінің ұсақталып бара жатқанына да қынжылатынын білдірді.

Оның айтуынша, Отанды қорғаудан, сарбаз болудан қашып, “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүргісі келетін, тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттер базарда, сапаржайда арба сүйреп, тиын-тебен тапқандарына мәз. Он сегізге толған жігіттерді әскери борышын өтеуге міндеттеу керек. Қолдарына қару ұстап, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын көрмеген жігіттер елін, жерін, ата-анасын, баласын қалай қорғамақ?! Ата-бабамыз аманат еткен жерді біреуге беріп қойсақ, жігіт болып жүргеніміз, жігіт болып туғанымыздың бәрі көк тиын емес пе?! Президентіміздің салиқалы саясаты бізді дүниежүзіне танытты. “Жоқ” деп жылай бермеу керек, Құдайға шүкір, еліміз, жеріміз, онда тұнған байлығымыз бар.

– Өзіміз Отан қорғау әр азаматтың қасиетті борышы екендігін бала күнімізден санамызға құйып өстік. Бала күнімде тентектік жасадың деп пионерге қабылдамай қойды, сонда: “Мен неге галстук тақпаймын?” – деп жылағаным есімде. Бір жағынан, өзгелерден қалып қойдым деген намыс кернесе, екінші жағынан, патриоттық сезіміме кір келгендей көріп едім. Ол кездегі идеология, патриотизм мықты болатын. Лениннің басы бейнеленген төсбелгіні көкірегімізге тағып алып, не істесек те, “Отан үшін” деп жүрдік, – деген Оспан Әбдуәлиев: “Қазір Қазақстанымыз аяғын тәй-тәй басуда, біздің де жастар өсіп келеді. Егемендік алғаннан бері қаншама қазақ офицерлері шетелдерде (Ресейде, Беларусьте, Америка Құрама Штаттарында) оқып келіп жатыр. Өзіміздің Қазақстанда (Щучинск қаласында) да Ұлттық қорғаныс университеті бар. Өзім де соны бітірдім. Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтында бакалаврларды даярлап жатырмыз, олардың ішінен болашақ ғалымдар шығуы мүмкін”, – деді.

– Бауыржан Момышұлы айтқандай, “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпті құл болмайды”. Қазіргі курсанттар – мыңның ішінен таңдалғандар. Болашақ сарбаздарды тәрбиелейтіндер де сол офицерлер. Бала 4 жылда темірдей тәртіпке үйренуі керек. Сонда ғана адамда әскери тәртіп қалыптасады. Әскерден бас тарту – Отанға сатқындықпен тең. Тәуелсіздігіміздің маңыздылығын жас ұрпаққа түсіндіріп, оны көздің қарашығындай қорғау жолында қызмет атқарып жүрген сарбаздарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз”, – дейді әскери психология мамандығын меңгерген полковник Оспан Әбдуәлиев.

20 жылдық тәжірибесін теориямен ұштастырып, балалармен жұмыс істегенді ұнататын ол: “Мен Отаныма берілген, елім үшін қызмет етуге қашанда дайын жанмын. Ақшаға, дүниеге қызықпаймын. Менің бар нәрсем – чемоданым, ал байлығым – Отаным, – деді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp